ДӘРІГЕРЛЕР АЛҒАШ РЕТ ЖАСӨСПІРІМ БҮЙРЕГІНЕ АШЫҚ ТҮРДЕ ОТА ЖАСАДЫ

ДӘРІГЕРЛЕР АЛҒАШ РЕТ ЖАСӨСПІРІМ БҮЙРЕГІНЕ АШЫҚ ТҮРДЕ ОТА ЖАСАДЫ

Шымкенттік дәрігерлер тумасынан ауыр дертке шалдыққан 16 жастағы жасөспірімге ашық әдіспен күрделі ота жасап, бүйрегін сақтап қалды.
Қалалық клиникалық балалар аурухана базасында мұндай отаны хирургтар алғаш рет жасап, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.
Науқастың операциядан кейінгі жағдайы жақсы, оны дәрігерлер күнделікті тексеріп, бақылауда.
«Түскен кездегі баламның жағдайы ауыр еді, бет-аузы іскен. Оған «гидронефроз» диагнозы қойылды. Ақ халаттылар дереу операцияға алып, баламды аман алып қалды. Дәрігерлерге айтар алғысым шексіз»,-дейді науқастың анасы Маргуба Ергешова.
Пациентті толық тексеріп шыққан мамандар күрделі ота жасап, зәр шығаратын аумағындағы кеңейіп кеткен астаушаларын пластикалық жолмен емдеген.
Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-хирургі Қайрат Ізбасов астаушасына ота жасалған баланың бүйрегін осылайша сақтап қалғанын айтады. “Бүйректің қызметі 70-80 пайызға жақсарды. Бұл ота жалпы наркозбен, ашық түрде жасалады. Зәр шығару жолын жеңілдеттік. Алдағы апта ауруханадан үйіне шығарылады»-дейді ол.
Айта кетейік, қалалық клиникалық балалар аурухана дәрігерлері арнайы оқытудан өткен, соған орай арнайы урологиялық төсек орындар да ашылды.
Сонымен қатар, 29 қазан - Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Осыған орай 22 қазан күні №2 қалалық ауруханасына қарасты емханада дәрігерлер «Ашық есік күнін» өткізіп, денсаулығы сыр беріп жүрген тұрғындарды қабылдады.
Оларға кардиолог, невропатолог, нейрохирург, ЖТД, психолог және кардиоревмотолог бөлімінің дәрігерлері қызмет көрсетіп, кеңес берді.
Нейрохирургке –19, кардиологқа –47, психологқа –18, невропатологқа –48, ЖТД дәрігерлеріне – 23, кардиоревматологқа – 30 тұрғын келіп қаралған. Жалпы шара барысында 106 азаматқа медициналық көмек берілді.
Ақ халаттылар кеңес берумен ғана шектелген жоқ. Тұрғындардың денсаулығын тексеріп, сырқаудың нақты анықтамаларын айтып, ақпарат берді.
Айта кететін Шымкенттегі №2 қалалық ауруханасының дәрігерлері инсульт алған 52 жастағы азаматтың ми қан тамырына күрделі отаны пышақсыз жасап, ажалдан арашалап қалды.
Науқас ауруханаға 9 қазан күні өте ауыр халде түседі. Жедел тексеруден өтіп, одан сол жақ ми ортаңғы артериясында тромбоз белгілері анықталады. Дәрігерлер оған инсульт диагнозын қояды. Нақтырақ айтқанда, ишемиялық инсульт - қан тамырларының тромбтармен бітелуі. Бұған қоса науқастың оң жақ аяғы мен қолы толығымен салданып, сөйлеу және есту қабілетінен айырылады.
Науқас ауруханаға жеткен сәтте инсульт алғанына 3-сағаттан астам уақыт болған. Дәрігерлер оған шұғыл түрде ота жасауға шешім қабылдап, операция ангиография аппараты арқылы пышақ тілігінсіз жасалады.
Қауіпсіз отаны аурухананың бас дәрігері әрі қаланың штаттан тыс бас рентгенхирургі, жоғарғы санатты дәрігер А.Рахматалиев пен аурухананың рентгенхирургі Н.Қарабаев жасаған. Ота 2-сағатқа созылды.
№2 қалалық аурухана базасында тың әдіспен жасалған операция кезінде хирургтар наркозды қажет етпейтін, асқынуларды болдыртпайтын хирургиялық ем тәсілін қолданған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қазақстан алғаш рет телекөпір режимінде робот-ассистенттелген технологияны қолдана отырып, трансұлттық операцияға қатысты, деп хабарлайды ...