Тәуелсіз Қазақстанның бүкіл табыстары мен жеткен жетістіктері, абыройы мен беделі Н.Ә.Назарбаевтың атымен байланысты. «Мәңгілік Ел» құру үстіндегі бүгінгі Қазақстанның болашағы да Елбасының қызметімен тығыз байланысты. Себебі, «Қазақстан-2050» стратегиясы, «Мәңгілік Ел» құру идеясы, дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты, «Баршаға ортақ еңбек қоғамын құру» сияқты бүкіләлемдік деңгейдегі ұмтылыстар болып табылады. Осы бағытқа қол жеткізу Елбасының «Нұрлы жол – Болашаққа бастар жол» атты Жолдауында қойылған мақсаттарды нақты анықталған.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев әлемдік деңгейдегі саясаткер және ойшыл, қоғамдық қатынастардың ескі социалистік жүйесінен демократиялық қоғамға қол жеткізген аса ірі деңгейдегі реформатор, сирек кездесетін тарихи тұлғалардың бірі екенін Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем жұрты да мойындап отыр.
Біз осы мақаламызда Елбасының ойшылдық және реформаторлық қасиеттері туралы сөз қыламыз.
Барлығы да ойлаудан туады. Ойлаудың негізінде терең ақыл жатса керек. Ойшылдық адамды басқалардан көш ілгері ғана емес, биік жоғарғы денгейге де көтеретін қасиет. Ойшыл адам ғалымнан да, қайраткерден де жоғары тұрады. Әр ғалым ойшыл бола алмайды, әр қайраткерде ойшыл бола алмайды. Себебі, ғалымдық, қайраткерлік, басшылық, күрескерлік т.б. адамның қасиеттерінің негізінде ойшылдық жатса керек.
Н.Ә.Назарбаевтың негізгі қасиеттерінің бірі ойшылдығы. Ол Қазақстанның даму моделін жасады. Елімізді ешқандай қақтығыссыз, қантөгіссіз бір әлеуметтік формациядан екінші әлеуметтік формацияға алып өтті. Тарихта мұндай өтпелі кезендер ылғи қантөгіс соғыстармен жүріп отырған. ХVIII ғасырдың соңындағы француз революциясы, 1917 жылғы орыс революциясы, ХVIII ғасырдағы АҚШ-тағы Тәуелсіздік соғысы т.б. өтпелі кезеңдер қырғын соғыстармен ұштасып жатты.
КСРО құлағаннан кейінгі Тәжікстан, Молдова, Грузия, Әзірбайжан, Қырғыстан, Ресей Федерациясы, Украинада осы өтпелі кезеңдерде қаншама ішкі қақтығыстар мен соғыстар болды немесе кейбіреулері әлі де жалғасуда. Бұл елдерде ұлтаралық қатынастар, дінаралық қатыснастар, жекешелендіру жөніндегі шешімдер дұрыс болмай қаншама адамдар ішкі қақтығыстардың құрбаны болды.
Ал ойшыл Н.Ә.Назарбаев мұндай оқиғалардың алдын ала білді. Ең алдымен 140 этностан тұратын Қазақстан халқын бір уысқа жұмылдырды. Сол үшінде Қазақстан халқы Ассамблеясын ойлап тауып, дүниеге әкелді. Бұл Ассамблея өз жемісін беруде.
Қазақстанда діни конфессиялардың саны 46-ге дейін жетті. Бірақ олардың қазіргі күнде 17-ге төмендеді.
Қазақстан Республикасының Конституциясында мемлекет басшысының мынадай құқықтық мәртебесі белгіленген:
«Қазақстан Республикасының Президентi – мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
Республиканың Президентi – халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi». (ҚР Конституциясы 40-бап, 1-3 тт.)
Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан өз мемлекеттілігінің барлық нышандары бар егемен және тең құқылы мемлекет ретінде қалыптасты.
Жаңа тәуелсіз мемлекеттің іргесін қалаған, оның шекарасын бекіткен, Қазақстанның тұтастығын, Конституцияның, адам құқықтары мен бостандықтарының үстемдігін қамтамасыз еткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегі-осы Тұңғыш Президент күнінде арнайы ой-елігінен өткізіліп оның еліміздің даму үшін маңыздылығы көрсетіліп отырады. Оның үстіне мұндай мерекенің белгіленуі біздің еліміздің дамуындағы президенттік институттың айрықша рөлін де айшықты аша түседі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы, 1940 жылы 6 шілдеде Алматы облысы, Қаскелең ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келген. 1967 ж. Қарағанды металлургия комбинаты жанындағы жоғары техникалық оқу орнын бiтiрдi. Экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, Халықаралық инженерлік академиясының, Ресей Федерациясы әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің құрметті профессоры. Беларус ғылым академиясының құрметті мүшесі. М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің құрметті профессоры.
Ғ.Маймақов («1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Күні», Оқу-әдістемелік құралынан)