Ақшаның бетіне қараңыз, Әйтенов мырза!

Ақшаның бетіне қараңыз, Әйтенов мырза!

Қазақ ақшаға келгенде тырықтық жасамай, шашып-төгіп жүретін жомарт жігіттер туралы «Пәленше ме, Пәленше ақшаның бетіне қарамайтын мықты жігіт қой» деп сыртынан сүйсініп, әңгіме айтып отырады. Біздіңше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов те ақшаның бетіне қарамайтын нағыз бүгінгі заманның мырзасы. Қолы барынша ашық. Бірақ, оның мырзалығы өзінің қалтасындағы ақшаға ма, жоқ мемлекеттің ақшасына ма, ол басқа әңгіме...

Мұрат Дүйсенбекұлының кафе, ресторандарда ақша шашып «сен же, мен же» деп жүргенін ешкім көрген емес. Ал, оны «мемлекеттің ақшасын нағыз керек жеріне жаратпай жатыр» деп сынаушыларың қатары қалың.

Оңтүстік Қазақстан облысына Асқар Мырзахметов әкім болып тұрғанда Шымкент қаласы барынша көркейді. Оңтүстікке келген қонақтарға ұялмай көрсететін мәдени-рухани нысандар бірінен соң бірі бой көтерді. Наурыз алаңы, Тәуелсіздік саябағы, Әкімшілік-іскерлік орталық, Бәйдібек би ескерткіші, Тілеу батыр мен Жолдыаяқ батырлардың ескерткіші, Шәмші аллеясы... санап тауыса алмайсыз. Соның ішінде әсіресе Шәмші аллеясының жөні бөлек. Шіркін, кешеге дейін мұнда қанша рухани кештер өтті десеңізші! Түркістан облысына қарасты барлық аудандардың өнерпаздары осында апта сайын шымкенттіктерді әсем әндерімен әлдилеп жатушы еді ғой. Оны аз десеңіз қала жастарының кешкісін бас қосатын жері де осы төңірек еді ғой. Талай жігіт жүрегінен мәңгі орын тепкен аяулысына сезімін осында білдіріп, үй болып жатты. Таяқ тастам жерде Неке сарайы тұр. Бозбала да, бойжеткен де осы аллеяда отырып неке сарайынан оң аяқпен аттауды армандайтын.

Сол аллеяның бүгінде ойран ботқасы шығып жатыр. Ине-жіптен енді шыққан гүлзарға күрек тиетіндей уақыт болған жоқ еді. Ел коронавирус пандемиясымен алысып, басымен қайғы болып жатқанда қала әкімдігі Шәмші аллеясына күрделі құрылысты бастап жіберіпті. Расын айту керек, қала әкімдігінің бұл шешімін қолдаушылардан гөрі сынаушылардың қатары қалың болды. Мәселен, қоғам белсендісі Рүстем Әшетаев мұны өзінің Facebook-парақшасында жан-жақты көрсетті.

Коронавирус пен пневмония шымкенттіктерге де оңай тимеді. Қала басшылығы науқастарға қарапайым дәрі тауып бере алмады. Дәрі-дәрмектің біраз бөлігі шетелдерден гуманитарлық көмек болып жеткізілгенін елдің бәрі біледі. Сөйтіп отырып 207 миллион теңгеге аллеяға күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу кімге керек болды десеңізші! Ақшаның бетіне қарамау деген осы!

Мұны аз десеңіз дәл қазір қаланың қақ ортасындағы әл-Фараби алаңы да жөндеу жұмыстарына жабылған. Біз 207 миллион теңгеге жанымыз шығып отырса, мына күрделі құрылыстың құны – бақандай 446 миллион теңге! Бүкіл әлем коронавирустың екінші толқыны келеді деп әр тиынын есептеп отырғанда біз одан гөрі «Орыс драма театрының» алдыңғы кіре берісін көбірек уайымдап кеткен сияқтымыз. Содан кейін де ақшаның бетіне қарамағанбыз.

Рас, қала әкімдігі, әкімнің жаңадан келген бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан мырза Шәмші аллеясына жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарына қатысты түсінік бергендей болды. Бірақ, Шыңғыс Мұқанның ол сөзінен ешкім ешнәрсе түсінген жоқ-ау... бірінші орынбасардың айтуынша, әкімдік ол қадамға пандемия кезінде 52 адамға уақытша жұмыс тауып беру үшін барыпты-мыс. Сөйтіп 207 миллион теңгені өз қалтасынан суырып алғандай мемлекеттің қалтасынан суырып алады да осы шараға шашып жібереді. Ал, әкімдікте жұмыс істемейтін қарапайым адамдар «көкебастар-ау, 207 миллион теңгеге тұрақты жұмыс ашпайсыңдар ма?» деп отыр.

Кімдікі дұрыс екенін өзіңіз айтарсыз, құрметті оқырман! Бірақ, құрметті Мұрат Дүйсенбекұлы, дәл қазір ақшаның бетіне қарау керек-ау...

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 2024 жыл басталғалы 482,4 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін...