Уақыт келді!

Уақыт келді!

Адамзаттың ұлы ойшылдарының бірі Уильям Шекспирдің осыдан жүздеген жыл бұрын қойған «Боламыз ба, бордай тозамыз ба?» деген мәңгілік сауалы бүгін қазақ қоғамының алдынан тағы шықты. «Тағы шықты» дейтініміз, қазақ қазақ болғалы тағдырдың талқысына талай түскен. Сіз бен біз көріп отырған бүгінгі сынақ шежіре қазақтың көріп отырған бірінші құқайы емес. Не көрмеген ұлттың ұрпағымыз! Алайда...

Алайда, бүгінгі уақыт басқа.

Қазіргі әрбір қателік, әрбір бойкүйездіктің бағасы біз үшін тым қымбатқа түседі. Себебі уақыт өте жылдам өтуде. Кешегі жаңалығыңыз ай мен апта не, бүгінгіге жарамайды. Сәл қалғысаңыз ерден сыпырылып түсесіз. Ол кезде Уақыт атты керуен сізге бұрылып та қарамайды. Демек, бүгін әрбір қазақ сергек болуы тиіс! Уақыттың бүгінгі қатаң сынағынан өте алсақ, ел боламыз, өте алмасақ, бордай тозамыз! Әңгімеміздің басында Шекспирдің аузынан шықты делінетін осынау сөзді еске салғанымыз сол!

Елді ел қылатын әкімдер мен министрлер емес, ең бірінші кезекте сіз бен біз! Біз белсенді болсақ, біз елшіл болсақ, біз жұртшыл болсақ, біздің баршамыздың ниет-пейіліміз «қазаққа болсыншы» деген ойдың төңірегінен табылып жататын болса, өзіміз армандаған қоғамды тезірек құра аламыз және оның игілігін өзіміз көре аламыз. Әкімдер мен министр дегендеріңіз – елдің қызметшілері ғана! Олардың қызметтерінің адал болуы сіз бен біздің азаматтық белсенділігімізге тікелей байланысты. Біз өзіміз елшіл болсақ, әкімдер мен министрлер де елшіл болады. Өзіміздің руханиятымыздың тірсегі тірсегіне соғысып тұрса, атқамінерлеріңіз жемқор болмай, кім жемқор болады?! Сондықтан бірінші кезекте өзімізді түзейік, өзіміздің рухымызды күшейтейік! Рухымыз аспандап тұрса, жемқор билік кіретін тесік таппай қалмай ма?! Бүгінде жемқорлар төрде, қанша тырбаңдаса да тапқаны тамағынан артылмай жүрген бейнеткеш халық етекте отырса, оған да өзіміз кінәліміз. Отыз жыл бойы қоғамда адал жұмыс істейтін қарапайым адамдардан гөрі бай-бағландар көбірек дәріптелді. Ал, бай-бағландардың бәрі болмаса да көпшілігі салық төлеушілердің есебінен байығандар еді. Кімнен жасырамыз, бүгінгі «пысық» қазақтардың басым көпшілігін адал еңбектерінен бұрын ұшы-қиыры жоқ есепсіз тендерлер байытты. Енді олай болмайды. Ел ояна бастады. Енді олар әділетсіздіктерге төзгісі келмейді. Ойын ашық айтқысы келеді. Бүгін өздеріңізге жол тартып отырған «no-comment.kz» сайтының негізгі мақсаты да осы – ойын ашық айтқысы келетіндерге мінбер болу! Сөйтіп Қазақстанның заман көшінен қалмай өркендеуіне титтей де болса өзінің үлесін қосу!

Ендеше, бір-бірімізден көз жазып қалмайық, қазақ жұрты. Айтар ойыңыз болса, біз сіздердің қызметтеріңізге әзірміз!

 

Еркеғали БАЛАЖАНОВ,

No-comment.kz ақпараттық агенттігінің бас редакторы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Отбасының цифрлық картасын енгізудің нәтижесінде 2024 жыл басталғалы 482,4 мыңнан астам адамға мемлекеттік қызметтерді проактивті көрсету үшін...