Алдында Германия елінде тұратын қазақстандықтар «Nur Otan» партиясының мүшесі атанды. Осы іс-шара туралы кешелі бері бірнеше ақпараттық сайттар хабар таратуда. Әлеуметтік желі де қалыс қалған жоқ. Сарапшы Бауыржан Серікбаев өзінің парақшасында осы шараға қатысты пікірін білдірді.
«Осы жылы пандемия шарттарына қарамастан Қазақстан мен Ресейде сайлау өтті. Ресейде саяси партиялар қалыптасқан дәстүрлі жолмен сайлау өткізді. Электоратты тартудың жаңа саяси технологиялары қолданылды дегеннен көрі партиялар дәстүрлі жолмен саяси науқанды алып шыққаны байқалды.
Қазақстанда сайлауға жаңашылдық әкелген қадамдарды «Nur Otan» партиясы жасай алды. Орталық Азияда бірінші болып праймериз өткізіп, билікте отырған партия елдегі белсенді азаматтардың басым бөлігін қатарына тартып, аудандық, облыстық маслихаттарға, Парламентке депутат болуына мүмкіндік ашты. Көбі депутат та болды. Бұрын Қазақстанда маслихаттарда жастардың үлесі 2% ғана болған екен. Партияның жастарға 20%, әйел азаматтарға 30% квота бөлуі жергілікті маслихаттардың жаңаруына үлкен септігін тигізді. Қолынан іс келетін көп азаматтар бүгінгі күні праймериз арқылы «Nur Otan» партиясының қатарына қосылып, депутаттық мандатпен елдің мәселесін шешуге өз ықпалын тигізіп жатқаны да анық.
Бүгінгі күні «Nur Otan» партиясы ішкі сайлаудың бәрін реттеп алып, ендігі назарды сыртқа аудара бастады. Германияның Франкфурт пен Мюнхен аумағында 9 мыңға жуық Қазақстандықтар тұрады екен. «Nur Otan» партиясы шетелдегі ағайынмен де жұмыс жүргізіп, Германиядағы қандастарымыз да партия қатарына өтіп жатыр.
Мұндай технологияны Түркияның биліктегі «Ақ партиясы» соңғы 10-15 жылда жақсы жүргізіп келген еді. Германиядағы 3-4 миллион түрікті бауырына тартып, өзінің жұмсақ күшіне айналдырып, шетелдегі электоратпен жұмыс істеуді сауатты меңгерген. Қазір «Nur Otan» партиясы да шетелдегі Қазақстандықтармен белсенді, эффективті байланыс орнатып, жұмыс істеуге көшті. Себебі, шетелде тұрып жатқан бауырларымыз да біздің мемлекеттің жұмсақ күшіне жатады. Ол жақтағы ағайынмен де билеуші партияның белсенді жұмыс жүргізгені прагматикалық бағыттың бірі.
Айта кету керек жақында өткен Ресейдегі сайлауда шетелде тұратын Ресейліктердің басым бөлігі билеуші партияға қарсы дауыс берген. Мұның бәрін ескеріп, бірден әрекетке көшкен «Nur Otan» партиясының командасы жақсы жұмыс істейтіні көрініп тұр.
P.S. Не дейміз… Бір нәрсе анық. «Nur Otan» партиясы заман ағымына сай тиісті қадамдарды эффективті іске асыруды, уақыт сұранысына бейімделуді, электоратпен жұмыс істеудің жаңа әдістерін тез меңгеріп, тиімді қолданысқа енгізуді өте жақсы меңгерген және саяси технологияларды сауатты жүргізетіндігі анық байқалады. Партия Қазақстанды эволюциялық дамуға бастайтын бірден бір саяси күш екендігі де мойындалып келеді».