Парламент депутаты, Мәжілістің Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Е.Абақанов өзінің фейсбук парақшасында Нұр-Сұлтан қаласының маңындағы Кіші Талдыкөлді құрғатуға қатысты пост жариялап, пікірін білдірген.
«Өздеріңіз білетіндей, БАҚ пен әлеуметтік желілерде Кіші Талдыкөл көлін құрғатуға қатысты мәселелер жиі жазылуда. Кейбіреулер құрылысқа тіпті жеке компаниялардың ғана емес, түрлі билік құрылымдарының, соның ішінде «Nur Otan» партиясының қатысы мен мүделілігі туралы конспирологиялық теорияларды айтып жүр», - делінген жазбада.
Аталған мәселе бойынша «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Б.Байбек қоғам белсенділері мен экологтардың кездесу ұйымдастыру туралы өтініштерін қабылдап, партия жанындағы Республикалық қоғамдық Экологиялық кеңес мүшелерінің бастамашыл топпен кездесуіне тапсырма берген. Оған қоғам белсенділері, экологтар, әкімдік пен салалық экология министрлігінің өкілдері қатысқан көрінеді.
Мәжілісмен Абақанов кездесуде талқыланған кейбір жайттарға да тоқталған:
«Мәселені талқылай келе, Кеңес елорда әкімдігіне ұсыныстар, сондай-ақ прокуратура мен экология министрлігіне сауалдар жолдады. Кеңес судың физикалық-химиялық жай-күйін, гидрологиялық ерекшеліктерін және флора мен фаунаның түрлік құрамын ескере отырып, көлдің нақты жай-күйін анықтау үшін тиісті ғылыми зерттеулер жүргізуді ұсынды. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтан қаласының өңірлік қоғамдық экологиялық Кеңесіне осы жағдайға мониторинг жүргізу және Кіші Талдыкөлді сақтау жөніндегі бастамашыл топпен үнемі кездесулер өткізіп отыру тапсырылды.
Экология министрлігі өз ұстанымын ресми түрде жариялап, онда Кіші Талдыкөлді су нысаны ретінде сақтау және оны қосымша толықтыру және циркуляциялау жөнінде шаралар қабылдау қажеттігі туралы мәлімдеді. Сондай-ақ, министрлік су қорының жерлері әкімдік тарапынан «елді мекендер жері» санатына ауыстырылғанын хабарлады. Өкінішке орай, қадағалаушы органнан жауап болған жоқ».
Сонымен қатар, бұл іске нақты жауапты мекеме қалалық әкімдік деп басып айтты.
Бұл жөнінде «Қолданыстағы заңнамаға сәйкес құрылысқа рұқсат беру, бас жоспарды және егжей-тегжейлі жоспарлау жоспарын өзгерту, жер учаскелерінің нысаналы мақсатын өзгерту, сондай-ақ абаттандыру мәселелері жергілікті атқарушы органның, яғни қала әкімдігі мен оның басшылығының құзыретіне жатады.
Тиісінше, осы жобаны түзету немесе жалғастыру туралы шешімді заң және қала тұрғындары алдында толық жауапкершілік жүктелген елорда әкімдігі қабылдауы тиіс», - деген екен.
Ол өз жазбасын «Партияны Кіші Талдыкөлді құрғатумен байланыстыратын барлық әрекеттер – инсинуация мен арзан пиардан басқа ештеңе емес!», - деп қорытындылаған.