Елбасы – Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Түркістан облысын құрып, Шымкентке мегаполис мәртебесін бергеніне де екі жылдан асып барады. Мұның өзі Шымкенттің бұрынғыдан да жоғары қарқынмен өсіп-өркендеуіне берілген зор мүмкіндік еді. Тұрғындарының саны миллионның үстіне шыққан қала өнеркәсіптің де, бизнестің де, ғылым мен өнердің де астанасы болуға әбден лайық. Тек істің көзін білетін кадрларды ортақ іске жұмылдыра біліңіз, болды! Оны білмесеңіз «шымкенттіктерге ақыл үйретудің де, көмектесудің де қажеті жоқ, оларға бөгет жасамасаңыз болғаны» деген ежелден келе жатқан ескі тәмсілге құлақ асыңыз, адаспайсыз.
Алайда, Шымкентте қазір кадр тұрақтамай тұр. Әсіресе, бүгінгі таңдағы ең өзекті сала – идеология саласына. Бүкіл өзегі идеологиядан тұратын ішкі саясат басқармасы бұл күнде бас иесіз үй сияқты басшысыз күн өткізіп жатыр десе де болады.
Басқарма басшысы Жанар Бектаева ханым бала күтіміне байланысты еңбек демалысында.
Оның орнына басқарма басшысының уақытша міндетін атқарушы болып тағайындалған Сәбит Реметов қызметтен босату жөніндегі арызын жазып қойған дейді ұзынқұлақ. Бұл қауесеттің рас болуы әбден мүмкін. Егер арыз жазбаса Сәбит Аббасұлы осындай жауапты кезеңде курортқа кетіп қалатындай жауапкершіліктен жұрдай жан болмау керек дейді ішкі түйсігіміз. Қазір ел басқарып жүрген азаматтарға демалатын уақыт па?!
Білуімізше, Сәбит Реметовтің орнына ешкім тағайындала қойған жоқ.
Сәбит Реметовке дейін осы басқарма басшысының тағы бір орынбасары Аңсар Өсербаев та Сайрам жақты бетке алған. Аңсар аға Сайрамға жалғыз кеткен жоқ, осы басқармадағы бөлімді басқарып отырған Ерлан Керімбековті өзімен бірге ерте кетті.
Көріп отырсыздар, бәрі де мекеменің негізгі құрамы деп есептелетін өте тәжірибелі басшылар. Олардың лауазымы да қолды бір сілтей салатын ұсақ-түйек лауазымдар емес, осы салада қызмет атқарып жүрген талай мемлекеттік қызметшілердің ояу жүрсе ойынан, ұйықтап жатса түсінен шықпайтын қызметтер.
Бір таң қаларлығы, оларды ешкім де қызметтен қумаған, бәрі өз еріктерімен кеткен. Демек, Шымкент қалалық әкімдігінде, оның идеология саласында қызмет істегісі келмеген... Неге істегісі келмеген? Мұндай күрделі сұрақтың жауабының қандай болатынын біз білмедік. Бір себебі бар шығар.
Айтқандай, өз еркімен арыз жазып кеткендердің басы да, аяғы да Сәбит Реметов емес. Сәбитке дейін өңірдің бүкіл идеология саласын басқарып отырған Алмасбек Мамытбеков те арызын Әйтеновтің үстелінің үстіне тастап, ғимараттан жәй шығып жүре берген. Шымкент қаласы әкімінің идеология жөніндегі білдей орынбасары. Содан бері Алмасбек Кеңесбекұлын әкімдік жақтан көрген ешкім жоқ. Бір танысымыз таяуда экс бас идеологты Шымкенттің дендропарк жағынан сыртынан көргенін айтады. «Қолында таяғы бар, өзімен өзі күбірлеп кетіп бара жатқандай көрінді» дейді танысымыз. Нағыз идеологтың сипаты ғой дедік біз. Осындай идеолог та Шымкентте жұмыссыз қалды. Уақытша шығар, әрине.
Алмасбек Кеңесбекұлын дендропарк жақтан болса да көргендер бар ғой, ал, бұрынғы бірінші орынбасар Ербол Садырдың қызметтен кеткелі бергі тағдыры тіпті жұмбақ. Қайда жүр, қызметке орналасты ма, жоқ, бизнеске кетті ме, ешкім білмейді.
Ал, құдайшылығына келгенде Ербол Садыр да, Алмасбек Мамытбеков те қызметтен тыз етпе эмоцияға беріліп, арызын жазып кетіп қалатын адамдардың санатынан емес еді. Биліктің дәлізінің қай жерінде не тұр, ол жерден қалай өту керек, ешкімнен ақыл сұрамайтындай-ақ тәжірибелері әбден ысылған жандар болатын. Бір күнде солар кетіп қалғасын...
Тағы бір жеңіл ауыздар Шымкент қаласы әкімінің тағы бір орынбасары Нұрсадық Ергешбектің де арызын жазып қойғанын айтады. Әзірге ол қауесетке сенбей отырмыз.
Мұның бәрінің нақты жауабын білу үшін қалалық әкімдікке ресми сауал жолдап, хат жіберуді қажет деп таппадық. Себебі бұған дейін жазған ресми хаттарымызға да жауап алған емеспіз. Қайта-қайта хат жаза бергенде мүйіз шыға ма?! Ел ішінде айтылып жүрген қауесеттер рас болса, оны көрерміз, өтірік болса, айтқан адам береке тапсын!
Айтайын дегеніміз, Түркістан облыстық әкімдігінде қызмет атқарып жүрген талай қыз-жігіт Шымкентке жете алмай жүр. Жете алмай жүрген себептері отбасылары осында, өздері Түркістанда. Отбасынан жырақта жүріп, жұмыс істеу расында қиын ғой. Бәріне қолды бір-ақ сілтейін десе, бүгінгі заманда жұмыс табу да оңай емес. Соларға енді керемет мүмкіндік туып тұр ғой, Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасында қанша орындар босады десеңізші! Тағы қандай лауазымдар! Жүгіру керек қой, Шымкентке қарай! Бірақ... «шіркін-ай, Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасында қызмет атқарсам ғой» деп тұра ұмтылған бірде-бір түркістандық шенеунік көзге шалынбайды. Неге олардың Шымкентте, оның ішінде идеология саласында жұмыс істегісі келмей қалды екен? Келісесіздер ғой, зерттейтін-ақ мәселе!
Солтүстік облыстарда қол күші жетіспегесін Үкімет «Серпін» деген арнайы бағдарлама ашып, оңтүстіктің жастарын сол аймаққа оқуға, жұмысқа жіберуді қолға алғанынан баршамыз хабардармыз. Жағдай осылай жалғаса берсе, Шымкенттің идеология саласына жан бітіру үшін тағы бір бағдарлама ашу керек болып қалады-ау...
No-comment.kz