БҰЛ — ҚОҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ ДҰРЫС БАҒЫТТА ҚАЛЫПТАСУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ЗОР ЗАҢ

БҰЛ — ҚОҒАМДЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗДЫҢ ДҰРЫС БАҒЫТТА ҚАЛЫПТАСУЫНА ЫҚПАЛ ЕТЕТІН ТӘРБИЕЛІК МӘНІ ЗОР ЗАҢ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару туралы» заңның қабылдануы — елдегі заң үстемдігін нығайтып, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам.

Қазақстан құқықтық мемлекет болғандықтан қоғамдағы барлық қарым-қатынастар заң шеңберінде жүзеге асуы тиіс. Соның ішінде заңсыз иемделінген активтерді қайтару процесі де заңға сәйкес жүріп, ешкімнің құқықтары аяққа тапталмауы керек. Әділеттілік орнату ісі науқаншылдыққа айналып, жаппай тәркілеу мен қудалауға ұласпауы тиіс. Міне, осы тұрғыдан қарағанда қабылданып отырған заң активтерді қайтару ісінің барынша ашық, жария түрде жүруіне және ешкімге артықшылықтар мен басымдықтар берілмеуіне кепіл болады. Бұл заң лауазымды мемлекеттік қызмет атқарып отырған және бұрын атқарған билік өкілдері мен ірі, ықпалды кәсіпкерлер, яғни, олигополия субъектілеріне қатысты қолданылады. Заң аса ірі масштабтағы жемқорлар мен заңсыз байыған олигархтарға қарсы жасалған. Ал, адал мемлекеттік қызметшілерге, кәсіпкерлерге және инвесторларға қорқатын ештеңе жоқ.

Бұл заң жалпға бірдей қабылданған халықаралық стандарттарға және үздік шетелдік тәжірибелерге сүйене отырып әзірленген. Активтерді қайтару процесі ашық түрде жүруін, жауапты органдардың әділеттіліктен айнымауын арнайы құрылған комиссия қадағалайды. Оның құрамына қоғам қайраткерлері мен белсенділері, сарапшылар, депутаттар мен Үкімет мүшелері қосылады. Комиссия жұмысына премьер-министр басшылық жасайды. Осының бәрі жұмыстың қоғам тарапынан бақылауда болуын қамтамасыз етеді.

Күдікке ілінген азаматтарға өз активтерінің заңдылығын құжаттар мен өзге де айғақтардың негізінде дәлелдеуге уақыт пен мүмкіндік беріледі. Шығуы тегі түсініксіз деп танылған активтер тек сот үкімінің негізінде ғана қайтарылады.

Ең бастысы, біз осындай заң қабылдау және оны жүзеге асыру арқылы ұрлық, жемқорлықтың көмегімен жиналған, заңсыз жолмен табылған байлықтың адамға адамға қайыры болмайтынын, ол қаржы саған өмір бойы қызмет етпейтінін қоғамдық санаға, әсіресе, жас ұрпақтың санасына сіңіреміз. Халқымыз «Өтіріктің арты бір тұтам» дейді. Ақиқат бәрібір жүзеге шығып, өз орнын табады. Қылмыстық жолмен табылған байлық түбінде мемлекеттің меншігіне, халық игілігіне қайтарылады. Осыны көріп өскен жастарымыз өнеге алып, байлықты адал жолмен жию керектігіне көз жеткізеді. Яғни, бұл — қоғамдық құндылықтарымыздың дұрыс бағытта қалыптасуына ықпал ететін тәрбиелік мәні зор заң.

Жалпы, бұл мәселе ұзақ уақыттан бері қоғамда қызу талқыға түсіп жүрді. Аз ғана адамдар тобының ұлттық байлықты заңсыз жолдармен иемденіп, негізсіз баюы халықтың наразылығына себеп болып келген еді. Енді заңсыз иемделінген байлықты мемлекет меншігіне қайтарып, ол қаржы халықтың өзекті мәселелерін шешуге жұмсалмақ. Бұл қоғамда әділеттіліктің орнауына, мемлекет, бизнес және азаматтардың арасында өзара сенімнің қалыптасуына жол ашады. Түптеп келгенде мұның бәрі ұлттық бірлігімізді нығайтуға, сол арқылы мемлекеттілігіміздің іргесін бекемдей түсуге мүмкіндік береді.

Бахадыр НАРЫМБЕТОВ -
Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Ағымдағы жылдың 25 сәуірінде Алматы қаласы «NARXOZ» университетінің алаңында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім: Қазақстандағы халықаралық тәжірибе...