Сарыағаш ауданы Құрама ауылының тұрғындары арықтан ағып жатқан лай суды ішуге мәжбүр. Бұл туралы блогерлер Ринат Кибраев пен Валерий Кудрявцев видеосюжет түсіріп, YouTube видеопорталындағы LIFE KZ парақшасында жариялады.
Блогерлер ауыл халқымен кездескен. Тұрғындар ұзақ жылдан бері таза ауыз сусыз отырғанын айтады. Сондай-ақ, ауылда электр энергиясының сапасы да сын көтермейді.
«Электр энергиясында ауытқулар болғандықтан, техникалар күйіп кетеді. Интернет те нашар, балалар сабақ оқи алмай жатыр. Ауыратындары бар. Кешке мүлдем жарық жоқ. Теледидар көрмегелі көп болды. Жабайы болып кеттік. Тоңазытқыш істемейді, тамақ бұзылып кетпес үшін салқын жер іздейміз», - деп шағымданды Құрама ауылының халқы.
Олардың сөзінше, жергілікті билік үнемі өтірік айтумен келеді. Жағдайды реттейміз деп уәде беріп, ізін көрсетпей кетеді екен. Адамдардың арықтағы суды ішіп жатқанын көрген блогерлер шошынғандарын айтады.
Осы сәтте түсірілім тобына көрші Жартөбе ауылының әкімі келіп, таза суды көлікпен тасып береміз деп уәде берді. Алайда, тұрғындар оның сөзіне сенбейтіндерін жеткізді.