Саябақ, автотұрақ, халық...

Саябақ, автотұрақ, халық...

«Абай» саябағы Шымкент қаласының қақ ортасында орналасқан демалыс орны. 1967 жылы «50 лет Октября» деген атаумен құрылып, 1991 жылы Ұлы Абайдың есімі берілген саябақта Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлеріне арналған аллея, үлкен Даңқ мемориалы, субұрқақ, шағын сәулет нысандары және мерекелік іс-шаралар өткізуге арналған сахна бар. Сонымен қатар, 2009 жылдың 22 қыркүйегінде онда Абай мұражайы ашылған. Дегенмен бұл керемет демалыс аймағының да мәселесі жоқ емес.

Ең бірінші мәселе саябақтағы жасыл желек. Бүгінде жауапты мамандар «Арман» тойханасы және «Манчестер» кафесінің айналасы мен көше бойындағы ағаштарды ғана күтіп-баптайтын сияқты. Өйткені саябақтың түкпіріне қарай жүрсеңіз, ағаштардың қурап жатқанына көз жеткізесіз. Сонда көптің көзіне көрінетін көше бойы мен кәсіпорындардың айналасы ғана суарылады ма? Бұлай жалғаса берсе, саялы бақтың іші тақырға айналып кетеді деген уайым мазалайды тұрғындарды. Саябақтарға қарайтын Шымкент қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы немесе табиғи ресурстар және табиғат пайлануды реттеу басқармасы не тындырып отыр? Олар тек кәсіпкерлердің пайдасы үшін жұмыс істей ме әлде қала тұрғындарының ыңғайын ойлайды ма?

Одан кейінгі мәселе - автотұрақ. Бәріміз білетіндей, Абай саябағында «Дельфин» аквапаркі орналасқан. Жекеменшік кәсіпорын бір кездері сот шешімімен сүрілетін болып, кейіннен қала басшылығы қайта жұмысын жалғастыруға рұқсат берген. Одан бөлек Түркістан облысына қарасты «Бейнелеу өнері мұражайы» орналасқан. Аталған екі нысанның да кең автотұрағы бар. Бірақ басшылары ол тұраққа қала тұрғындарының көлігін қоюға рұқсат бермейді. Нәтижесінде саябаққа келушілер мен сол жердегі банк, мұражай мекемелерінің қызметкерлері өз көліктерін жол жиегіне қойып, тар көшедегі көлік қозғалысы бей-берекет күйге түсіп, жиі кептеліс орын алады. Ал, бұл мегаполис тұрғындары үшін қолайлы жағдай деп айта алмаймыз. Сонда, осы жағдайды кәсіпкерлер мен түркістандық шенеуніктермен келісіп реттеуге аталмыш салаға жауапты қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев пен Абай ауданының әкімі Бұхарбай Пармановтың шамасы жетпей ме? Екеуі де саяси мемлекеттік қызметкерлер. Осынау саяси һәм тұрғындар үшін кезек күттірмейтін мәселені шеше алмаса мұндай шенеуніктердің шымкенттіктерге қажеті қанша?

Тағы бір жағдай - саябақ атауының біресе латын, біресе кириллица қарпіне көшуі. Латыншаға көшеміз дегенде саябақтың да атауы өзгертілен. Енді қайтадан баяғы қалпына келтіріліпті. Ол үшін де қала бюджетінен қаржы жұмсалды емес пе?

Ал, саябақтағы аты әлемге әйгілі ақынның ескерткіші жайлы айтпасақ та болады. Хакім Абай осындай сұрқы қашқан дүниеге лайық па еді? Тым болмаса ақынның 175 жылдық мерейтойына арнап дұрыстау етіп ескерткіш орнатуға болар еді ғой...

Алайда, қала әкімдігіндегілердің мұндай жұмыстармен айналысуға уақыты жоқ секілді. Олардың Шымкенттің көшелерін қопарып қазудан, ипподром жерін сатудан, сау тұрған аллеяны қайта жөндеуден қолдары тимей жатқандай...

No-comment.kz

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...