Әйтеновтің командасы «айтпаса істемейтін» үкіметке айналып бара жатыр ма?

Әйтеновтің командасы «айтпаса істемейтін» үкіметке айналып бара жатыр ма?

          Шымкент өз алдына республикалық маңызы бар қала атанған күннен бастап географиялық аумағы да, әлеуметтік мәселелері де ұлғаймаса кеміген жоқ. Сайрам, Ордабасы, Төлеби аудандарының шаһар аумағына жақын елді-мекендері қала құрамына қосылып, мегаполис тұрғындарының саны артты. Қала аумағында көпқабатты тұрғын-үйлердің де құрылысы қарқын алған-ды. Алайда бүгінде Шымкенттегі құрылыс жұмыстарының сапасына айтылып жатқан сын аз емес. Соның бірі ретінде біздің редакциямызға хат жазған Қаратау ауданына қарасты 189-орамның тұрғыны Ерболат Алмабаевты айта аламыз.

          Ерболат бізге жазған хатында өзі тұратын тұрғын-үйлердегі инфрақұрылым жүйелерінің сапасы төмен екендігін айтыпты. Жаңадан құрылған «Шымкентсити» шағынауданындағы біраз келеңсіздіктерді баяндаған.

          «Көшіп келгенімізге бір жыл да болған жоқ. Алайда, құрылыс жұмыстарының дұрыс жүргізілмегені біліне бастады. Жарығымыз жиі сөнеді. Көгілдір отын кіргізілмеген. Қазіргі тұрғындарды мазалап отырған ең өзекті мәселе – сыртқы жарықшамдардың жанбауы. Кешкі сағат алтыдан кейін балаларды сыртқа шығаруға қорқамыз. Кеше түнде аулада тұрған екі көлікке ұры түсіпті. Ұрылар терезесін сындырып, көліктегі құнды заттың бәрін қолды қылған» делінген хатта.

          «Шымкентсити» тұрғындары сыртқы жарықшамдардың жанбауына байланысты шағым білдіріп, ашпаған есігі қалмапты. Алайда, нәтижесіз. Егер сыртқы жарықшамдар жанып тұрса, ұрылар да аяқ тартып, мұндай жағдай болмас па еді дейді тұрғындар.

          Тұрғындар түсірген шағымға байланысты журналистік зерттеу жүргізіп көрген едік. Анықтағанымыздай жарықшамдар жанбайтын аулада тұрған «Опель Вектра» және «ВАЗ-2114» көлігінің терезелері сынған. Көлік иелері құқық қорғау органдарына шағым түсіріпті.

          Тұрғындардың айтуынша ауладағы жарықшамдардың жанбай тұрғанына 2 айдан асыпты. Қала әкімінің қолдауымен ашылған «Ikomek» ситуациялық орталығына жарықшамдардың жанбай тұрғанын айтып, арызданған. Алайда, ол орталықтағылар да мәселенің шешілуіне ниет таныта қоймапты.

            «Ikomek» ситуациялық орталығына қыркүйек айында өтініш тастағанбыз.  Алайда, олар біресе тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығының мамандарына, біресе құрылыс басқармасының мамандарына сілтеп, проблемамыздың шешілуіне құлық танытпады. Екі ортада ұшқан доптай, сенделіп уақыт өткізіп алдық. Енді міне кеше түнде осындай жағдай орын алып отыр. Сонда сыртқы жарықшамдарды жағу үшін ірі қылмыс орын алуы керек пе? Адам өлімі болғанын күтіп жүрген шығар мүмкін? Бір олқылықтың орнын толтыру үшін міндетті түрде біреуіміз құрбандыққа айналуымыз қажет пе?» дейді ашынған тұрғындар.

            «Шымкентситиліктердің» «Ikomek» ситуациялық орталығына арызданғанына қазір 2 айдан асып барады. Ал, жақында ғана осы орталықтың жұмысы жөнінде есеп берген Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның сөзінен басқаша әсер алған едік. Әйтеновтің бірінші орынбасарының айтуынша «Ikomek» ситуациялық орталығы нәтижелі жұмыс істеп жатыр-мыс. Орталыққа соңғы 4 айда 20 мыңнан астам тұрғын шағым білідіріп, мәселенің барлығына жуығы оң шешімін тауыпты. 20 мың деген цифрды көргенде таң қалғанымызды жасыра алмаймыз. Шымкент үшін 20 мың шағым деген көп секілді көрінді. 4 айда 20 мың шағым түссе, алақандай ғана қаламызда айына 5 мың, күніне 175  проблема туындайды деген сөз ғой. Қалалық әкімдік жүйелі жұмыс атқарып жатқан болса, күніне 200-ге жуық проблеманың туындауына не себеп болды деген сұрақ күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырып тұр. Әлде «би екеу болса, дау төртеу болар» дегеннің кері ме?

             Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің «еститін мемлекетке» айналуын міндеттеген-ді. Халықтың мұң-мұқтажын, арыз-талабын, өтінішін тыңдайтын ел болуымыз керектігін нақтылаған. Алайда, Шымкент қаласындағы жағдайға қарап құлағы естуден, көзі көруден қалған, «айтпаса істемейтін» мемлекетке айналып бара жатқан жоқ па?..

             ...Ал, әзірге «Шымкентсити» тұрғындары сыртқы жарықшамдардың жоқтығын педофил, адам ұрлаушы, қандықол қылмыскерлердің құлағына жетпегенін тілеп отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мажарстан, Будапешт қаласы Қазақстан Президенті мен Мажарстан Премьер-министрі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп...