Бейнебақылау камералары тек айыппұл сала ма?

Бейнебақылау камералары тек айыппұл сала ма?

Осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин еліміздегі көлік ұрлығы мәселесін көтерген болатын. Мәжіліс төрағасы соңғы 15 жылда ел аумағынан 40 мыңнан астам темір тұлпар шекара асып кеткендігін алға тартқан. «40 мыңнан астам көліктің тек 66-ы ғана иесіне қайтарылған. Ұрланған көліктердің дені көршілес елдерге жөнелтілген. Автомобильдердің жаппай қолды болуына көліктің VIN-кодын заңсыз алу жағдайлары себеп болған. Ал, мұндай құқық тек ішкі істер қызметкерлерінде ғана бар...

...Ерлан Заманбекұлы, мұның бәрі погон таққандардың қатысуынсыз жүзеге аспайтыны түсінікті ғой. Қазақстанда да, басқа елдерде де. VIN-код деген жеке дерек. Ол кез келген жерде бола бермейді. Ол осы шаруамен айналысатын адамдар да ғана бар. Сіз нәтиже көрсететін генералсыз, білеміз. Бірақ тәртіп орнатыңыз» деген болатын Н. Нығматулин Ішкі істер министрі Е. Тұрғынбаевқа.

Иә, Нұрлан Зайруллаұлы өте өзекті мәселе көтерді. Осы тұрғыда елімізде жыл санап саны артып жатқан бейнебақылау камералары функцияларын өз деңгейінде орындап жатыр ма? Жалпы, бейнебақылау камераларын қоюдағы мақсат не? Құқық қорғау органдарының сөзіне сенсек, бейнекамералардың көбеюі қылмыс деңгейін төмендетеді, қылмысты ашуға септеседі. Алайда, біздегі камералар көлік жүргізушілеріне әкімшілік айыппұл салумен ғана айналысып жатқан жоқ па? Бұл жөнінде біздің редакция Шымкент қалалық Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Е. Жұмаханбетовке ресми хат жолдаған болатын. Бірақ, ресми хатымызға ешкімнің аты-жөні жоқ, ешкімнің қолы жоқ жауап келді. «Шымкент қаласында «Интегра» 21 жерде, оның 221 көзі бар, «Сергек» 14 жерде 56 көзі бар бейнебақылау камералары бар. Биылға 120 көше қиылысына 1500 жалпы бейне бақылау камераларын орнату жоспарда бар. 2020 жылы бейне-бақылау камералары арқылы тұрғындарға 103 941 907 теңге айыппұл салынды» деп жазылған бізге келген хатта. Сондай-ақ, Шымкент қалалық Полиция департаментінен келген жауапта қалада өткен жылы 73 автокөлік ұрлығы тіркеліп, оның 61-і ашылғаны жөнінде жазылған.

 

Бір жылда шаһардағы бейнебақылау камералары шымкенттіктерге 103 941 907 (!) теңге айыппұл салған. Заң бұзушыларды жазалауға дауымыз жоқ. Алайда, тағы да айтамыз, бейнебақылау камераларының негізгі мақсаты айыппұл салу ма, жоқ әлде қылмысты ашу ма? Бейнекамераларды біржақты функцияға байлап қойған жоқ па?

Құрметті, Ералы Мұсағалиұлы! Қалада ашылмай жатқан қылмыстар қаншама. Оның ішінде ауыр және өте ауыр қылмыстардың барын білеміз. Осынау қылмыстарды ашуда айыппұл салғыш камералардың көмегі тиіп жатыр ма? Көпшілік қазірдің өзінде сіздер орнатқан бейнекамераларға тек «пұлсорғыш» құрылғы ретінде қарайды. Қала тұрғындары өздерін барлық жағынан қауіпсіз сезінуі үшін бейнекамералардың қылмыс ашу ісіне де көмектескені абзал ғой. Тағы бір айтарымыз, «халықты еститін мемлекетте» тұрып жатырмыз ғой. Біздің ресми сұрағымызға ресми жауап берсеңіз дұрыс болар еді. Кешегі өзіңіз басқарып отырған департамент поштасынан келген жауаптың сиқы осындай. Мемлекеттік орган жауапты бұлай бермесе керек-ті...

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Алдағы 5 жылда Шымкентте 600 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Биыл 200 мыңға жуық ағаш көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде.  Қала...