Оның хабарлауынша, Тұран шағын ауданында 500 орындық Оқушылар сарайының құрылысы 80%-ға орындалды. Биыл 4 мектеп, 1 колледжге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде, аталған нысандар жыл соңында іске қосылады.
«Жастардың жоғарғы оқу орындарында сапалы білім алуына жағдай жасау мақсатында жергілікті бюджеттен 285 грант бөлінді. Қосымша біліммен қамту деңгейі жыл сайын артып келеді. Бүгінде бала саны 225 мыңнан асып, қамту деңгейін 86%-дан 89%-ға жеткізу көзделуде. Технологиялық кәсіпкерлікті дәріптеу, ІТ қоғамдастығын қалыптастыру мақсатында «Shymkent HUB» өңірлік ІТ орталығы іске қосылды. Бүгінде аталған ІТ – хабта 40-қа жуық қауымдастықты дамыту және аймақтағы стартап жобаларды қолдауға бағытталған іс-шаралар өткізілді. Онда 600-ден астам адамға қызмет көрсетілді», – деді Шымкент қаласының әкімі.
Мәдениет саласында да ілгері жылжу бар. Қалада халықаралық деңгейдегі мәдени іс-шаралар өткізілетін көпфункционалды 2 066 орындық Конгресс холл пайдалануға берілді. Жергілікті бюджет есебінен қала орталығынан шалғай орналасқан 4 елді мекенде жаңа мәдениет үйлері іске қосылды. Мегаполистің мәдени өмірін жандандыру және тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттыру мақсатында, саябақтар мен мәдениет үйлерінде «Шымқала кештері» мерекелік іс-шаралары өткізіліп келеді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының» 95 жылдығына орай, IХ Орталық Азия елдерінің халықаралық театры фестивалі өтіп, оған 7 мемлекеттің белгілі театр өкілдері қатысты.
«Қаладағы өзекті мәселенің бірі – көше атауларын беру. Мәселе бірнеше жылдан бері шешілмей келген. Көмек көрсету қызметтерін шақыру кезінде көше атауларының болмауы қиындықтар туғызған. Осыны ескеріп, атаулары қайталанатын және идеологиялық тұрғыдан ескірген 377 көшеге, 6 шағын аудан, 1 саяжай және 1 аллеяға атау бердік», – деді шаһар басшысы.
Шымкентте спорт саласының дамуына да ерекше назар аударылуда. Бүгінгі таңда бұқаралық спортпен шұғылданушылардың үлесі 42%-ды құрап отыр. Жыл басынан бері қала спортшылары Қазақстан, Азия және Әлем чемпионаттарына қатысып, жалпы 768 алтын, 642 күміс, 724 қола медаль жеңіп алды.
Биыл жергілікті бюджет есебінен құрылысы басталған 1 750 балаға арналған 2 спорт мектебінің біреуі пайдалануға беріледі. Жеке инвесторлар есебінен 1 000 адамға арналған «ЕЛАМАН» спорт кешені пайдалануға тапсырылды. Жыл соңына дейін 500 адамдық «SPORT LIFE» шағын футбол орталығының құрылысы аяқталады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықаралық деңгейдегі 35 мың орындық заманауи жаңа стадион құрылысы басталды. Қазіргі таңда жер жұмыстары жүргізілуде.
Әкімдік алдындағы маңызды міндеттердің бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды әлеуметтік қорғау, оларға сапалы медициналық көмек көрсетіп, қоғамдық өмірге бейімдеу.
«Өкінішке орай, бұл санаттағы азаматтардың саны жыл сайын өсіп келеді. Сондықтан бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, 38 мыңға жуық әлеуметтік қолдау көрсетілді. Биыл заманауи үлгідегі 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталды. Одан бөлек, №1 әлеуметтік қызмет көрсету орталығына 50 орындық қосымша ғимарат салу және №6 орталыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде», – деді спикер.
Қалада денсаулық сақтау саласындағы қызмет сапасын арттыру қолға алынды. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы көлемі ұлғайтылып, бүгінде медицина мекемелерінің материалдық-техникалық базасын жаңарту деңгейі 86,5%-ға жетті. 2 ауруханада күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Соңғы 2 жылда 13 жекеменшік емхана ашылып, мемлекеттік ұйымдардың орташа жүктемесі 26 мыңнан 21 мыңға азайды.
Биыл 46 дәрігер Ресей, Түркия елдерінің клиникаларында біліктілігін арттырды, жыл соңына дейін 29 дәрігер тәжірибе алмасу курстарына қатысатын болады. Алғаш рет балалар ауруханасы мен перинаталдық орталықта госпитальдық фармация бөлімшелері ашылды. Жыл соңына дейін осындай 5 бөлімше іске қосылады. Сонымен қатар биыл балаларға арналған кардиохирургия орталығын ашу жоспарда бар. Жедел жәрдем қызметінің сапасын көтеру мақсатында 23 арнайы автокөлік алынды.
«Жергілікті мамандардың біліктілігімен 828 адамға нейрохирургия отасы және 2 бауыр, 9 бүйрек трансплантациясы жасалды. Алдағы жылдары 1 көпфункционалды аурухана және 200 орындық жаңа заманауи перзентхана, әрқайсысы ауысымына 500 адамға арналған 4 емхана салу жоспарымызда бар», – деп түйіндеді қала әкімі.