28 қараша күні сағат 12:00-де Алматыда Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасына арналған баспасөз мәслихаты өтеді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
29 қараша мен 1 желтоқсан күндері аралығында алматылықтар әлемнің талантты шығармашылық тұлғаларының бірлескен еңбегінің нәтижесінде дүниеге келген жаңа ұлттық операны тамашалайтын болады. Оңтүстік астананың тұрғындары үш күн бойы ортағасырлық алып мемлекет Алтын Орданың құрылуына куә болып, ғасырлар қойнауына жетелейтін, ұлы сезімге толы естен кетпес саяхатты бастан кешеді. Мұның барлығы театр әртістері мен балет бишілерінің, хор мен симфониялық оркестрдің жанды орындауы арқылы, сахнаның трансформациялық декорациялары, жарық эффектілері мен бейнепроекциялардың арқасында жүзеге асады. Бұл технологиялық шешімдер әр көрерменді қойылымның басты кейіпкеріндей сезіндіреді.
Операның басты кейіпкері – Хан Сұлтан Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың билеушілерінің бірі – Берке ханның анасы. Ол ақылдылығы, қайсар мінезі және саяси көрегендігінің арқасында Алтын Орда тарихындағы маңызды тұлғаға айналып, өзін де, ұлдарын да Жошы ұлысындағы басты қайраткерлердің қатарына қосты.
Идея авторы-Айнұр Көпбасарова. Драматург Алмас Нүсіптің шығармасы негізінде «Хан Сұлтан» операсын Маралтай Ыбыраев жазып шықты.
Операның режиссері – әйгілі итальяндық қоюшы Давиде Ливермор. Оның спектакльдері Миландағы La Scala, Рим операсы, Туриндегі Teatro Regio және Генуядағы Carlo Felice театрларында қойылған.
Қоюшы дирижер – Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрының және М.Жәлел атындағы Татар академиялық опера және балет театрының бас дирижері Нұржан Байбосынов.
Алтын Орда мұрасы түркі халықтарын біріктіретін рухани қазына болып табылатындықтан, операның қойылуына түркітілдес елдердің ғылыми орталықтары мен ғалымдары зор үлес қосты. Опера жазу барысында Алтын Орда мен түркітану саласының ғалымдары, атап айтқанда Алтын Орда және татар хандарын зерттеу орталығының жетекшісі Ильнур Миргалеев, Ыстамбұл, Мармара университетінің профессоры Ілияс Кемалоглу және тарих ғылымдарының кандидаты Нұрлан Атығаев ғылыми кеңесші ретінде қатысты.
Афиша авторы – Ассоль Сас, иллюстратор-суретші, график.
Ассоль өз жұмысын былай сипаттады: «Жыртқыш құстың қанаты мен тұмсығы Хан Сұлтанның жүзін бас киім тәрізді жартылай жасырып тұр. Бұл әрі қауіптің, әрі қорғаудың символы іспетті. Жанып жатқан қала – шайқастарды, жеңістер мен жеңілістерді баяндаса, сол оқиғалардың ортасындағы оның тағдыры – жауынгерлердің әйелі мен анасы ретінде көрініс табады».
Айта кетейік, баспасөз жиыны 28 қараша күні сағат 12:00-де Алматы қаласы, Қабанбай батыр көшесі 110, Абай атындағы ҚазҰОБТ өтетін болады.