Шымкент қаласында 4557 азамат мемлекеттік тұрғын үй қорынан жалға алған баспаналарын жекешелендіруге мүмкіндіктері бар. Оған кәмелетке толған отбасы мүшелерінің келісімімен және кәмелетке толмағандардың құқықтарын ескере отырып, қалдық құнын төлеу арқылы қол жеткізе алады.
Қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы Азамат Рысжанов тұрғындарды кезекті қабылдауында осы бағытта түсіндірме жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Шымкент қаласы бойынша жекешелендіруге жататын жалға берілген баспаналардың саны 4457 пәтерді құрайды. Бұл бойынша 5 тұрғын үй Нұрсәт шағынауданында, 2 тұрғын үй Желтоқсан көшесінде, 1 тұрғын үй Қаратөбе тас жолы бойында, 1 тұрғын үй Ә.Молдағұлова көшесінде, 71 коттедж (193 отбасыға арналған) Достық шағын ауданында орналасқан. Жекешелендіріліп жатқан пәтерлер 2016 жылға дейінгі, яғни «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қолданысқа енгізілгенге дейінгі баспаналар.
Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына, «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру қағидасына» және ҚР Ұлттық экономика министрлігінің «Мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін тұрғын үйлерді жекешелендіру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартына сәйкес жүзеге асырылады.
2020 жылдан бастап мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін үйлерді жекешелендіру www.egov.kz «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы жүзеге асырылуда. Аталған қызметті алу үшін азаматтың және оның кәмелетке толған отбасы мүшелерінің (ЭЦҚ) электрондық цифрлық қолтаңбасы болу тиіс.
Айта кету керек, Шымкент қаласы бойынша жыл басынан бері «тұрғын үйді жекешелендіру» мемлекеттік қызметін электронды түрде алуға 123 адам өтініш берген. Оның ішінде 92 өтінім мақұлданып, пәтерлер азаматтардың жеке меншігіне берілді. Қазіргі уақытта қалған қабылданған құжаттар бойынша жекешелендіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалдамалы баспанамен қамтылған азаматтар баспананың жекешелендіруге жатататын немесе жатпайтындығы жайлы ақпаратты Шымкент қаласының Тұрғын үй басқармасына келу арқылы анықтайды. Анықтама тел: 8 (7252) 56-62-89.