Қазақстан Үкіметінің отырысында Ұлттық геологиялық қызметтің (ҰГҚ) төрағасы Ерлан Ғалиев салалық ақпаратты цифрландыру бойынша негізгі бастамаларды ұсынды, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Ұлттық геологиялық қызмет Жер қойнауы туралы кодекске сәйкес геологиялық ақпарат саласындағы мемлекет тағайындаған уәкілетті ұлттық оператор, геологиялық-геофизикалық деректердің негізгі сенімді ұсынушысы. Геологиялық қордың негізі 1930 жылы қаланды. Қазіргі уақытта Ұлттық геологиялық қызмет Үкімет және сыртқы кірістер есебінен қаржыландырылады.
«Жер қойнауын пайдаланушы (инвестор) жұмыс барысында зерттелетін учаскенінің толық картинасын көргісі келеді. Осы себепті қолда бар барлық бастапқы геологиялық ақпарат сканерленіп, цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы цифрландырылған ақпарат кейін Жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасына орналастырылатын болады», — деп мәлімдеді Ұлттық геологиялық қызметтің басшысы.
Оның мәліметінше, Қазақстан Республикасының геологиялық қорларындағы бастапқы геологиялық ақпараттың жалпы саны – 4 579 342. Ақпарат қағаз материалдар, магниттік таспа, картридж түрінде сақталады. 2023 жылдан қазіргі уақытқа дейін шамамен 40% бастапқы геологиялық ақпарат сканерленіп, цифрландырылған.
«Негізгі міндет – деректерді машинада оқылатын форматқа ауыстыру. Осы арқылы ақпарат бірізді болады және одан әрі стандарттауға мүмкіндік аламыз. Осы бағытта жасанды интеллектіні (ЖИ) қолдану арқылы деректерді өңдеуді жеделдету және Big Data базасын құру көзделіп отыр», — деді Ерлан Ғалиев.
Нәтижесінде күрделі деректермен жұмыс істеу процесі автоматтандырылып және оларды оқуда озық алгоритмдер қолданылады. Сәйкесінше жүйе пайдалы қазбалар кен орындарын талдап, болжамдарды бере алады. Бұл геологиялық ақпаратпен жұмыс істеуді тиімді етеді.
«Осы мақсатта Ұлттық геологиялық қызмет Біріккен Араб Әмірліктері тәжірибесін негізге ала отырып «Үкіметтік акселераторлар» бағдарламасына қатысып жатыр. 100 күн созылатын жоба шектеулі уақытта маңызды бастамаларды іске асыруға бағытталған. Акселерация шеңберінде цифрландыру барысында туындайтын мәселелер анықталып, шешіледі», — деп түсіндірді спикер.
Жоба шеңберінде келесідей техникалық шаралар іске асырылып жатыр:
– OCR және Жасанды интеллектінің көмегімен мұрағаттағы деректерді цифрландыру;
– машинада оқылу үшін графиканы цифрландыру;
– деректерді біріктіріп, Big Data құру;
– деректерді талдау үшін мамандандырылған Жасанды интеллектіні енгізу.
Жоба бойынша Канада, Аустралия және АҚШ секілді көшбасшы елдердің тәжірибесін пайдаланылады. Аталған елдер геологиялық деректерді цифрландыру және талдау үшін жасанды интеллект технологияларын енгізіп үлгерді. Қазақстандық нұсқа интерактивті карталарды әзірлейді, графикалық материалдарды векторлайды, есептеу қуатымен қамтамасыз етеді және мамандарға жаңа технологиялармен жұмыс істеуді үйретеді. Жалпы, өңделетін деректер көлемі 2-3 петабайтты құрайды, ал бұл айтарлықтай ресурсты қажет ететінін ескерген жөн.
Геология Жер туралы негізгі ғылымдардың бірі ретінде жер қойнауын зерттеу және оны тиімді пайдалану үшін маңызды рөл атқарады.
«Акционерлік қоғамның ғылыми бағытта алға қойған міндеттерінің қатарында Қазақстанның цифрлық геологиялық картасын жасау, бейнелеу құралдарының эталондық базасын құру, геология саласындағы шаблондар мен стандарттарды біріздендіру бар. Осы шаралардың кейбірін 2025 жылдың бірінші тоқсанында Британдық геологиялық қызметпен бірге жүзеге асыру жоспарымызда бар. Сондай-ақ еліміздің ғылыми-академиялық қоғамдастығымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Минерагеникалық кодексін әзірлеуге кірісеміз. Бұл кен орындарының әртүрлі топтарын анықтауға мүмкіндік береді, олардың таралуы туралы болжам жасаудың ғылыми негізіне айналмақ. Сонымен қатар геодинамикалық негіздегі және палинспастикалық карталарды әзірлеуге баса назар аударудың маңыздылығын атап өткіміз келеді», — деді Ұлттық геологиялық қызметтің төрағасы Ерлан Ғалиев.
Ұлттық геологиялық қызмет 2022 жылы құрылғаннан бері шетелдік геологиялық қызметтермен және ірі халықаралық компаниялармен ынтымақтастық туралы 15 келісімге қол қойды.
Америкалық геологиялық қызметпен (USGS) ынтымақтастық шеңберінде: 2025 жылы шетелдік геологиялық қызмет (АҚШ, Франция, Германия, Финляндия) басшыларының командасы Ұлттық геологиялық қызметке ревью (аудит) жүргізуді жоспарлап отыр.
Сондай-ақ АҚШ Мемлекеттік департаментінің энергетикалық ресурстар бюросының ұсынысымен «Тау-Кен Самұрық» ұлттық компаниясымен Арал теңізі өңірінде литий ресурстарын зерттеу және Қалба-Нарым белдеуінде сирек металдарға геохимиялық іздеу жүргізу бойынша 3 жақты MOU жасалды. Жоба Американдық тарап есебінен қаржыландырылады.
Британ геологиялық қызметімен (BGS): Қазақстанға бағытталған бірнеше миссияны қамтитын жоба жұмыста. Бұдан бөлек, бейнелеу құралдарының эталондық базасы бойынша жоба жүргізу жоспарланған.
Францияның геологиялық және тау-кен зерттеулер бюросымен: 2025 жылы Жерді қашықтықтан зондтау, геохимия, болжамды картаға түсіру, қалдықтарды өндіру және т. б. салаларда екіжақты семинарлар жүргізілетін болады.
GTK-мен (Финляндия, PDAC 2024-тегі MOU): мәліметтер базасы мен ГАЖ (геоақпараттық жүйелерді) нығайтуға және дамытуға баса назар аударылады. Бұл бағытта финдер әлемдегі ең жақсы сарапшылардың бірі ретінде белгілі.
Бұдан бөлек, Ұлттық геологиялық қызметтің мәліметінше, ҰГҚ Канададағы PDAC-2025 алаңында «Meet Kazakhstan: The Power of Geology in the ninth Largest Nation» халықаралық форумын ұйымдастырып жатыр. Бұл шараның мақсаты – Қазақстанның инвестициялық әлеуетін, тау-кен металлургиясы кешені саласын дамытуда еліміздің ұстанатын саясатын таныстыру.
«Жалпы, геология саласын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған саясаты даму тарихында өзара сабақтастықты сақтауға, Ұлттық геологиялық қызмет негізінде институционалдық, ғылыми-ақпараттық және ұйымдастырушылық мәселелерді шешуге бағытталады. Сонымен қатар геологиялық барлауға жеке инвестиция тартып, саладағы қызметті жандандырады, мамандардың біліктілігін арттыруға және ғылыми тәжірибені дамытуға септігін тигізеді. Нәтижесінде еліміздің минералды-шикізат базасы одан әрі қарқынды дамиды», — деп қорытындылады сөзін баяндамашы.