Шымкент қаласы Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов қала әкімдігінің «Instagram» желісіндегі ресми парақшасында өткен тікелей эфирде тұрғындар сауалына жауап берді, деп хабарлайды Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан әкімі алдымен өңірлердің даму стратегиясы бойынша 2021 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Бұқарбай Рысқұлұлының айтуынша, ауданда 34 елдімекеннің 24-і сапалы ауыз сумен қамтылып, бұл көрсеткіш 71 %-ды құрап отыр. Бүгінде Жаңаталап, Игілік, Тәуелсіздікке 20 жыл, Көкбұлақ және Қызылжар тұрғын алабында құрылыс жұмыстары жүргізілді.
Көмешбұлақ су көзінен Қ.Төлеметов көшесіне дейінгі магистралдық су құбырының құрылыс жұмыстары аяқталған соң аталған елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтылатын болады. Қалған 5 елді мекен тасымалды ауыз суын пайдаланады.
Аудан аумағы бойынша 34 елді мекеннің 26-ы (80%) мемлекеттік электр жарығымен қамтылып отыр. Қалған 8 елді мекен (20%) жекеменшік трансформаторларды пайдаланады.
2021 жылы 8 елді мекенді электр жарығымен қамту үшін биылға қаржы бөлінген. Нұршуақ, Жаңаталап, Ынтымақ-2, Ынтымақ-2 шағынауданының Батыс бөлігі, Айкөл, Ақжар тұрғын алабында құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан аумағы бойынша 23 елді мекен (73,5%) табиғи газ жүйесімен қамтылса, қалған 11 елді мекен қатты отынды пайдалануда. Бүгінде Алтынтөбе, Ынтымақ-2 шағынауданының Батыс бөлігінде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2 елді мекенге (Ынтымақ-2, Нұршуақ,) табиғи газ жүйесін тарту мақсатында жоба дайындау үшін қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан ЖСҚ әзірленуде.
Сондай-ақ, 2021 жылы аудан аумағында 36,9 шақырым 38 көшеге асфальт салу жұмыстарына қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары атқарылуда. Сонымен бірге, елді мекендердегі жалпы ұзындығы 44,5 шақырым топырақ жолдарға шағал тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.
Халықпен кері байланыс орнату, жұмыстарды жүйелі атқару - басты талап дей келе, аудан әкімі тікелей эфир барысында тұрғындардың инфақұрылым, әлеуметтік сала бойынша қойған сауалдарына да жауап берді.