Экология вице-министрінің айтуынша, экологиялық заңнама талаптарын бұзғаны үшін 164 лауазымды тұлға 9 млн теңгеден астам сомаға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде аудандар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары деңгейінде 60-тан астам лауазымды тұлға бар.
«Бұл ретте соңғы жылдары анықталған қоқыс үйінділерінің саны айтарлықтай азайды. Бұл осы құралдың тиімділігін тағы да дәлелдейді. Осыған байланысты Министрлік Премьер-министрдің тапсырмасы бойынша елді мекендерді қамтуды кеңейту және ғарыштық суреттердің жиілігін арттыру мәселесін пысықтайды», – деді Жомарт Әлиев.
Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы аясында 2024 жылы 6 млн-нан астам адамның, оның ішінде 229 мың еріктінің қатысуымен аумақтарды жинау және көгалдандыру бойынша жаппай экологиялық акциялар өткізілді. 1 млн тоннадан астам қалдық жиналып, 1,6 млн ағаш отырғызылды. Өткен жылдың шілде айынан бастап халық арасында танымал болып келе жатқан @TazaQazBot ақпараттық платформасы іске қосылды. Платформаға 11 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Спикердің айтуынша, аумақтарды жинау, көшелерді абаттандыру және тұрмыстық қоқыстарды шығару мәселелері ең проблемалы болып қала береді.