Бүгінгі таңда прокурор кәсіпкерлерді күштік құрылымдар тарапынан заңсыз қудалаудың жолын кесуге бел буып отыр. Бұл туралы ОКҚ алаңында ҚР Бас прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалау және қудалау қызметінің басқарма бастығы Жасұлан Мекебаев мәлімдеді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Бизнеске қатысты әрбір іс заң бұзылған жағдайда шаралар қабылдай отырып,прокурорлық қадағалау сүзгісі арқылы өтеді», - деді ол.
Оның мәліметінше, 2024 жылы прокурорлар 46 қылмыстық істі тоқтатты. Істерді тоқтату үшін қылмыс құрамының жоқтығы, сондай-ақ азаматтық-құқықтық қатынастардың болуы және Бас Прокурордың нұсқауларының орындалмағанын растайтын мәліметтер негіз болды.
«Мысалы, Алматы облысында агрокомпанияға қатысты ұрлық туралы іс тоқтатылды, өйткені тергеу барысында жеке аудитор арнайы білімнің болмауына байланысты залал туралы өз тұжырымдарын растай алмады. Яғни, аудитордың қабілетсіздігі адал бизнесті қылмыстық орбитаға негізсіз тартуға әкелді», - деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ ол ТМД Бас прокурорларының үйлестіру кеңесінің желісі бойынша посткеңестік Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, барлығы тоғыз елдің статистикасын талдау нәтижелерін айтты. Достастық елдерінде тіркелген қылмыстардың жалпы санындағы экономикалық істердің үлесі 10% шегінде өзгереді. Қазақстанда тіпті 1%-ға жетпейді.
«Егер біз бизнеске қарсы істер мен шағын және орта бизнес субъектілерінің санын салыстыратын болсақ, мысалы, ТМД елдеріндегі орта кәсіпкерлердің жүзден бірі қылмыстық орбитаға түседі. Қазақстанда екі мың кәсіпкердің біреуі ғана қылмыстық қудалау органдарымен бетпе - бет келді», - деп бөлісті Жасұлан Мекебаев.