Пациенттерде өмірлік маңызды терапияға қолжетімділік артты. Медициналық көмек кепілдендірілген көлемде тегін көрсетіледі.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жаңа орталықтың мүмкіндіктерімен танысты. Жабдықтардың тұсаукесеріне «Қазақстан халқына» ҚҚ басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Ербол Бекмұхамбетов қатысты.
– Өткен жылы біз еуропалық стандарттарға сай келетін химиотерапиялық орталық аштық. Онкологиялық қызметті жабдықтау одан әрі жалғасуда. «Қазақстан халқына» қоры арқылы өте жоғары деңгейдегі жабдықтар алынды. Біздің облыстың ғана емес, көрші Ұлытау облысының тұрғындарына да көмек көрсетілуде. 400-ге жуық адам жаңа аппаратта сәулелік терапия курсынан өтті. 600-ден астам адам компьютерлік томографтан тексерілді. Бұл жұмысты жалғастырамыз. Біз «Қазақстан халқымен» тығыз байланыстамыз. Өздеріңіз білесіздер, бұл қор ел Президентінің бастамасымен құрылған және біз нақты нәтижелерді көріп отырмыз, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ләззат Шыңғысбаева Қарағанды облысындағы онкологиялық қызметті жарақтандырудың екінші кезеңі қаралып жатқанын хабарлады.
Қосымша тағы бір жиынтық сатып алынуы мүмкін – желілік үдеткіш және компьютерлік томограф.
– Екі облыстың пациенттері емделіп жатқанын ескерсек, жүктеме үлкен. Біз әр жабдықтың, тіпті заманауи жабдықтың да жобалық қуаты бар екенін түсінеміз. Сондықтан жарақтандырудың екінші кезеңін қарастырамыз. Жабдықтарды орнатудан басқа, персоналды оқыту жүріп жатыр. Бұл біздің қор қатысатын онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі үкіметтік жоспар. Жалпы, онкология қызметі жаңа деңгейге шығады деп үміттенеміз, – дейді Ләззат Шыңғысбаева.
№ 3 көпсалалы аурухананың директоры Гамаль Тоқсамбаевтың айтуынша, жылына 1000-ға дейін пациент сәулелік терапия ала алады. Алдыңғы қатарлы әдістеме жанама әсерлерді азайтуға және пациенттердің өмір сүру сапасын жақсартуға көмектеседі.
– Жабдықтар моральдық жағынан ескірген, физикалық жағынан тозған. Емделушілер сапалы көмек алу үшін шетелге кетеді. Ал қазір біз Еуропа, Америка клиникаларында тұрған аппараттарға ие болып отырмыз. Бұл медициналық көмектің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді, – деп атап өтті Гамаль Тоқсамбаев.