11-13 наурызда Астана қаласында өткен Ө.Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық зерттеу жобалар байқауында шымкенттік оқушылар жоғары нәтижелерге қол жеткізді, деп хабарлайды No-comment.kz ақпараттық агенттігі.
Атап айтқанда, №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Асылтас Кемел алтын медаль (І дәрежелі диплом), №8 гимназияның 11-сынып оқушысы Нұрислам Зиябек күміс медальға (ІІ дәрежелі диплом) ие болды. Сондай-ақ, №80 IT мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Мейірім Бекенбай, №1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ерболат Абдурахим Грамотамен марапатталды.
Зияткерлік сайысқа еліміздің әр өңірінен 100-ден астам дарынды оқушы, сондай-ақ, Тәжікстан, Беларусь және Ресей елдерінің өкілдері қатысты. Байқау 4 секция – математика, қолданбалы математика, механика және экономикадағы математикалық әдістер бойынша өтті. Осылайша Шымкент қаласының оқушылары халықаралық білім бәйгесінде кезекті рет жүлделі орындардан көрінді.