Үкіметте білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Үкіметте білім беру мекемелерінде тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру мәселелері талқыланды

Үкіметте ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ермек Көшербаевтың төрағалығымен білім беру мекемелерінде балалардың сапалы және қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз ету мәселелеріне арналған кеңес өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Кеңес барысында қаржыландыру, санитарлық-гигиеналық нормаларды сақтау, тамақ өнімдерінің сапасын бақылау, сондай-ақ оны тасымалдау шарттары мәселелері, мектеп және мектепке дейінгі тамақтандыру жүйесінің жұмыс істеуінің негізгі аспектілері қаралды.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектептер мен балабақшалардағы тамақтандыру жүйесінің қазіргі жағдайы туралы ақпаратпен бөлісті. Ведомство басшысының сөзінше, бүгінде 1,8 млн оқушы тегін тамақпен қамтылған. Ол үшін 2024 жылы республикалық бюджеттен 205 млрд теңге бөлінді. 2025 жылдан бастап білім беру ұйымдарында тамақтанудың жаңа стандарттары мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) ұсыныстарын ескере отырып әзірленген типтік ас мәзірі енгізіледі.

Мониторинг нәтижесінде 677 білім беру ұйымында санитарлық-гигиеналық талаптардың бұзылу дерегі анықталды. Мұндай фактілер балалардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні алаңдаушылық тудырады. Сондықтан жедел әрекетке көшуді қажет етеді.

Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев мектеп оқушыларын сапалы және қауіпсіз тамақтандырумен қамтамасыз ету – мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі екенін, сондай-ақ санитарлық нормаларды бұзуға жол берілмейтінін жеткізіп, өнімнің сапасын қатаң бақылап қана қоймай, оларды сақтау және дайындау шарттарына мұқият қарау қажеттігін де атап өтті.

«Гигиеналық талаптарды сақтамаумен байланысты кез келген тәуекелдерді жою маңызды. Біз мониторингтің заманауи сандық технологияларын енгізуге, сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және сапасыз қызмет көрсеткен жеткізушілер үшін қарастырылған жауапкершілікті күшейтуге міндеттіміз», — деді Ермек Көшербаев. 

Мектеп және мектепке дейінгі тамақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында бейінді мемлекеттік органдарға мынадай тапсырмалар берілді:

  • цифрлық шешімдер мен мониторинг жүйесін мемлекеттік деректер базасымен интеграциялауды енгізу механизмін әзірлеу;

  • білім беру ұйымдарында азық-түлікті сақтау және тасымалдауды бақылауды күшейту;

  • қосымша әкімшілік және ведомстволық шараларды әзірлеу, оның ішінде жоспардан тыс тексерулер жүргізу және жеткізушілердің шарттық және санитарлық міндеттемелерді бұзғаны үшін жауапкершілігін арттыру. 

Денсаулық сақтау министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері балалардың тамақтану саласын реттейтін нормативтік-құқықтық базаны жаңарту, сондай-ақ бұзушылықтарды бақылау мен алдын алудың жүйелі тетіктерін енгізу бойынша ұсыныстарын жеткізді.

Кеңес нәтижесінде Премьер-министрдің орынбасары анықталған бұзушылықтарға дер кезінде ден қою үшін ведомствоаралық, оның ішінде құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылды күшейту бойынша қосымша кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Тамақтандыру қызметтерін ұйымдастыруға тартылған персоналдың біліктілігін арттыру, барлық деңгейдегі үрдістерге тұрақты мониторинг жүргізу қажеттілігіне назар аударылады.

Үкімет білім беру ұйымдарында заманауи сапа, қауіпсіздік және ашықтық стандарттарына сәйкестігін қамтамасыз ете отырып, тамақтандыруды ұйымдастыру жүйесін жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырады. Цифрлық шешімдерді енгізу, бақылауды арттыру және қоғамның белсенді қатысуы тәуекелдерді барынша азайтуға, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен әл-ауқатын қорғауға бағытталған жүйенің тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

2025 жылдың үш айында әлеуметтік инспекторлар 156 тексеру жүргізді, оның 76-сы жоспардан тыс, 19-ы профилактикалық бақылау шеңберінде, 61-і...