Түркістанда колледж студенттері арасындағы «Eңбек кубогы» спартакиадасы басталды

Түркістанда колледж студенттері арасындағы «Eңбек кубогы» спартакиадасы басталды

Түркістан қаласында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Еңбек кубогы» спартакиадасы басталды. Биылғы сайысқа Қазақстанның 20 өңірінің колледждерінен келген 2 мыңға жуық студент қатысуда. «Түркістан арена» стадионында өткен спартакиаданың ашылу салтанатында ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев пен Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, спортшылларға сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында колледж студенттері арасында ұйымдастырылған алғашқы  «Еңбек кубогы» республикалық спартакиадасының ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Республикалық спартакиаданың еліміздің қасиетті де тарихи мекені – Түркістан қаласында өткізіліп отырғаны зор маңызға ие. Бұл өңір – ел бірлігінің, өркениет пен мәдениеттің, жасампаздықтың жарқын үлгісі. Қазіргі таңда техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін трансформациялау бағытында үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап жан басына шаққандағы қаржыландыру көлемі екі есеге өседі. Бұл колледждердің материалдық-техникалық базасын жақсартуға, педагогтардың біліктілігін арттыруға мүмкіндік береді. Бүгінгі «Еңбек кубогы» спартакиадасы сіздерге тек спорттық жігер мен рух беріп қана қоймай, еңбекке деген жаңа көзқарас қалыптастырады деп сенемін. Баршаңызға сәттілік, мықты денсаулық, биік белестер тілеймін! – деген Ғани Бейсембаев Еңбек кубогын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровке табыстады.

Облыс әкімі Түркістан облысы ірі спорттық додаларды қабылдауға дайын екенін жеткізді.

-  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осыған орай, Түркістанда алғаш рет «Еңбек кубогы – 2025» республикалық спартакиадасы басталды. Түркістан облысы – дамушы аймақ! Облыста техникалық және кәсіптік білім беру саласында жаңа жоспарларымыз бар. Қазіргі таңда 50 колледжде 45 мыңнан астам студент білім алуда. Биыл колледждерге 15 мыңнан астам грант бөлудеміз. Оқу бағдарламасын нарық талабына сай бейімдейміз. Аталған бағытта жаңадан 11 жұмысшы мамандығына лицензия алынады. Түркістан – тарихи орда! Ел Президенті бұл қалаға ерекше мәртебе беріп, дамуына тұрақты көңіл бөлуде. Қасиетті шаһарда республикалық спартакиаданың өтуі заңдылық. Себебі Түркістан – еңбек адамдарымен мақтанатын өңір.  Облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасы» бойынша 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Оның 60 пайызы жұмысшы мамандықтарға арналған. Аймақта жаңа зауыттар мен өндіріс орындары ашылуда. Жастарды шақырамыз. Құрметті жас спортшылар! Әділетті Қазақстанды адал адамдар құрады. «Еңбек кубогы» сайысы арқылы біз адал, отаншыл жастарды тәрбиелейміз. Жарыс нәтижесінде үздік студенттерге Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті білім грантын тағайындайды. Бірқатар жетекші кәсіпорындар спартиакиада жеңімпаздары үшін арнайы сертификаттар табыстап, жұмысқа қабылдайды. Бүгінгі жарыс жалынды жастарға жігер береді деп сенемін! – деді Нұралхан Көшеров.

Түркістан төріндегі спартакиаданың ашылу салтанаты жоғары деңгейде ұйымдастырылып, Әбу Насыр Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи ғұламалармен қатар Ыбырай Алтысарин, Қажымұқан Мұңайтпасұлы сынды тұлғалар енгізілген көрініс ұсынылды. Патриоттық әндер шырқалды.

Айта кетейік, спартакиада бағдарламасына баскетбол, шағын футбол,  футзал, тоғызқұмалақ, шахмат, үстел теннисі және волейбол спорттары енгізілген.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев елді мекендерді су...