Қазақстан мен Бенин СІМ басшылары екіжақты қатынастарды жандандыруға уағдаласты

Қазақстан мен Бенин СІМ басшылары екіжақты қатынастарды жандандыруға уағдаласты

Астана, 2025 жылғы 18 сәуір – Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу жұмыс сапарымен Астанаға келген Бенин Республикасының Сыртқы істер министрі Олушегун Аджади Бакаримен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Бенин сыртқы саяси ведомствосы басшысының Қазақстанға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынастар тарихындағы маңызды кезең болып, екі ел арасындағы өзара іс-қимылға жаңа серпін берді.

Келіссөздер барысында тараптар саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салаларды қамтитын өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары бойынша кең ауқымды мәселелерді талқылады.

Министрлер сауда, логистика және цифрландыру сияқты стратегиялық маңызды салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударды. Осы тұрғыда шарттық-құқықтық базаны жетілдіруге және әртүрлі деңгейлерде сапарлармен алмасуды жандандыруға дайындықтарын растады.

«Жаңа геосаяси жағдайда Қазақстан Африка құрлығымен экономикалық саясатында тең құқықты және өзара тиімді серіктестікті басты орынға қояды. Біз ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, қаржы, цифрландыру және телекоммуникациялық технологиялар сияқты перспективалы бағыттарда Бенинмен ынтымақтастықты дамытуға мүдделіміз», – деп атап өтті М.Нұртілеу.

Өз кезегінде Бенин СІМ басшысы Қазақстанның ел ішіндегі және халықаралық аренадағы жетістіктеріне таңданысын білдірді. «Қазақстанның табыстары – Үкіметтің тиімді жұмысы мен Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке үлесінің нәтижесі. Елдеріміз ортақ құндылықтарды бөліседі, дәл осы негізде біз берік, серпінді және нәтижелі қарым-қатынастар орнатуға ұмтыламыз», – деді ол.

2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Африка арасындағы тауар айналымы 700 млн АҚШ долларынан асты және байланыстарды одан әрі нығайту мақсатында қазақ тарапы Бенинге сауда миссиясын жіберуге дайындығын жеткізді.

Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты аясында Бенинге астық, ұн, өсімдік майлары, тыңайтқыштар және органикалық өнімдерді жеткізу перспективалары қарастырылды. Сондай-ақ тараптар Бениндегі ауыл шаруашылығы мен геологиялық барлау қажеттіліктері үшін пайдалы болуы мүмкін жер шарын қашықтықтан зондтау бойынша қазақстандық спутниктік қызметтерді пайдалану мүмкіндігін талқылады.

Көлік байланысын дамыту мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Қытайдан Еуропаға жер үсті транзитінің 90%-ын қамтамасыз етеді, ал Бенин Котону порты арқылы Батыс және Орталық Африкаға қақпа ретінде маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты тараптар «Бір белдеу, бір жол» бастамасы және Орта дәліз аясында ынтымақтастықты дамыту, екі елдің көлік ведомстволары мен логистикалық компаниялары арасында келіссөздер жүргізу қажеттігін атап өтті.

Ақпараттық технологиялар мен цифрландыру саласындағы жоғары әлеует аталып өтті. Бенинмен цифрлық ынтымақтастық бойынша Жол картасын қабылдауға дайындық расталды, сондай-ақ бениндік компаниялар Орталық Азиядағы ең ірі IT-стартап технопаркі – «Astana Hub» жұмысына қосылуға шақырылды.

Сонымен қатар тараптар азық-түлік қауіпсіздігі контексіндегі Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясындағы ынтымақтастықты талқылады. Қазақстан Бениннің Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымына қызығушылық танытқаны үшін алғыс білдіріп, оның Жарғысын жақын арада ратификациядан өткізетініне үмітін жеткізді.

ҚР СІМ басшысы Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталығын құру туралы қазақстандық бастаманы қолдағаны үшін Бенин тарапының ұстанымына ризашылық білдірді.

Кездесу қорытындысы бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында Қазақстан мен Бенин сыртқы саяси ведомстволары арасында Саяси және дипломатиялық консультациялар бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Жұмыс сапары аясында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановпен бірге Ұлан ауданы Қасым Қайсенов...