Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) мен халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеалаға сенім грамоталарын тапсырды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Кездесу барысында тараптар ДСҰ аясындағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге өзара мүдделілігін растады. Қ. Төребаев Қазақстанның Сауда саясатын шолу процесіне ДСҰ Бас директорының тікелей қатысуы мен тұрақты қолдауына алғысын білдіріп, жаһандық сауда саласындағы тұрақсыздық жағдайында сындарлы диалогты сақтаудың маңыздылығын атап өтті.
ДСҰ-ға мүше бірқатар елдер, соның ішінде Америка Құрама Штаттары қабылдаған соңғы сауда шаралары аясында Қ. Төребаев мұндай дауларды шешудің басты халықаралық алаңы ретінде ДСҰ-ның рөлін сақтау қажеттігін ерекше атап өтті. Ол Бас директор мен ДСҰ Бас кеңесінің төрағасы жүргізіп отырған тиісті консультациялар ұйымдастыру жөніндегі күш-жігерін қолдайтынын білдіріп, мүше елдер арасындағы ашық диалог пен көпжақты үдерістерге барынша тартылудың өзектілігін атап өтті.
Кездесу барысында ДСҰ реформасына ерекше назар аударылды. Қазақстанның Тұрақты өкілі Ұйым ережелерін жаңғырту мен оның институттарының тиімділігін арттыру көпжақты сауда жүйесіне деген сенімді қалпына келтірудің шешуші тетігі екенін айтты. Ол Қазақстанның реформалар процесіне белсенді әрі сындарлы үлес қосуға, сондай-ақ күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша прагматикалық әрі инклюзивті шешімдерді қолдауға дайын екенін жеткізді.
Тараптар сондай-ақ Ұйым алдында тұрған негізгі институционалдық және функционалдық сын-қатерлерді, соның ішінде бюджет тапшылығы, дауларды шешу механизмі дағдарысы және шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын арттыру қажеттілігін талқылады. Сонымен қатар Хатшылықты реформалау жөніндегі бастамалар мен келесі ДСҰ Министрлік конференциясына дайындық мәселелері қарастырылды.
ДСҰ Бас директоры Нгози Оконджо-Ивеала Қазақстанға көпжақты сауда жүйесіне тұрақты қолдау көрсетіп, Ұйым жұмысына белсенді қатысып отырғаны үшін алғысын білдірді. Ол Қазақстанның реформалар процесінде жауапты әрі белсенді қатысушы ретінде өзін көрсеткенін және түрлі елдер тобының мүдделерін ескере алатын теңгерімді ұстанымын ерекше атап өтті.