Түркістан қаласында қоғамдық қауіпсіздікті арттыру мақсатында санитариялық және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелері кеңінен талқыланды. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен аппараттық мәжіліске әкім орынбасарлары, бөлім басшылары, құқық қорғау органдары мен төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері қатысты. Мәжілісте қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мен ветеринариялық қызмет жетекшілері өз салаларындағы өзекті мәселелер мен атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Шарифа Омарәліқызының айтуынша, жыл басынан бері тұрғындар тарапынан 75 шағым тіркелген. Оның 20-сы қоғамдық тамақтану және сауда орындарының санитариялық талаптарды сақтамауына қатысты болған. Шағымдардың көбі өнім сапасының төмендігіне, тасымалдау мен сақтау ережелерінің бұзылуына және гигиеналық жағдайлардың нашарлығына байланысты. Бұл жағдайлар тұрғындардың денсаулығына тікелей қауіп төндіретіні сөзсіз. Осындай санитариялық олқылықтардың салдарынан жұқпалы аурулардың таралу қаупі артады, ал бұл өз кезегінде төтенше жағдайлардың туындауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан мұндай қатерлерге тек санитариялық қызмет емес, Төтенше жағдайлар департаменті де дайын болуы тиіс.
Қала әкімі өз сөзінде кәсіпкерлік және санитариялық қызметтердің өзара іс-қимылындағы әлсіздікті атап өтіп, тәуекел аймағына жататын нысандардың тізімін жасап, оларды жүйелі бақылауға алуды тапсырды. Санитариялық талаптарды сақтамай отырған қоғамдық орындарға қатысты нақты шаралар қабылдау қажеттілігі де ерекше айтылды. Сонымен қатар қала аумағында бірнеше кене шағу жағдайы тіркеліп, эпидемиологиялық маңызы бар 227 нысанның 204-і санитариялық-эпидемиологиялық қорытындысыз жұмыс істеп жатқаны анықталған. Бұл — қоғамдық денсаулық пен қауіпсіздікке тікелей қатер төндіретін көрсеткіш. Әсіресе, көктем мен жаз мезгілінде ауа райының тұрақсыз болуы табиғи ошақтарда инфекциялық аурулардың таралуына қолайлы жағдай туғызады. Мұндай кезде синоптиктердің дер кезінде берген ауа райы болжамы мен құтқарушылардың шұғыл әрекет ету мүмкіндігі өте маңызды.
Күн тәртібінде қаралған екінші мәселе – ветеринариялық қауіпсіздікке қатысты болды. Қалалық ветеринариялық бөлім басшысы Сәбит Есіркепұлының мәліметінше, ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті ауруларға қарсы жоспарланған 57 130 доза вакцинаның 27 068 дозасы ғана жеткізіліп, оның 16 198-і енгізілген. Бұл көрсеткіш жұмыстың баяу жүріп жатқанын байқатады. Сонымен қатар қаңғыбас жануарларды аулау және олардың санитариялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары да баяндалды. Аса қауіпті жұқпалы аурулар, әсіресе адам мен жануар арасында таралуы мүмкін індеттер, төтенше жағдайлардың туындауына себеп болады. Осы тұрғыда ветеринариялық қызмет пен төтенше жағдайлар құрылымдарының үйлесімді әрекеті қажет.
Қала әкімі жиын соңында барлық сала басшыларына тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, тұрғындардың санитариялық, ветеринариялық және төтенше жағдайлар бойынша ақпараттандырылуын күшейтіп, түрлі қауіптердің алдын алу бағытында жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі баса айтылды. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету — тек бір мекеменің міндеті емес, бұл салааралық үйлесімді жұмысты талап ететін кешенді процесс. Өрт сөндірушілер, құтқарушылар мен синоптиктер де осы жүйенің маңызды буындары ретінде үнемі дайындықта болуы тиіс.
Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындардың денсаулығы, өмірі үшін санитария мен ветеринария, сондай-ақ төтенше жағдайлар қызметінің өзара байланыста жұмыс істеуі – қазіргі кезеңнің басты талабы. Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар күшейтіліп, жауапты органдардың әрекеттері нақты бақылауда болады.