2025 жылы Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан 104,9 млрд теңгеге 69 жоба аясында 98 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 68 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі, ал 29 нысан 2026 жылға өтпелі. Қазіргі таңда 1 нысанның құрылысы аяқталды. Тұрғын үй құрылысы аясында 57 көпқабатты тұрғын үйдің (3 592 пәтер, 283,5 мың м²) құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 31 үй (2 412 пәтер, 190,7 мың м²) 2025 жылы пайдалануға беріледі. Құрылыс жұмыстары негізінен Тұран, Бозарық және Ақжайық шағынаудандарында жүргізілуде. Бұған қоса, жұмыс істейтін жастар мен әлеуметтік осал топтарға арналған 1 379 пәтер (900-і жастарға, 379-ы әлеуметтік топтарға) нарықтан сатып алынады. 2024 жылы осы санаттар үшін 1 514 пәтер сатып алынған болатын. Қазіргі уақытта қалада 197 көпқабатты тұрғын үй (10 562 пәтер) кепілдік мерзімде тұр. 2025 жылдың басынан бастап 50 құрылыс ақауы анықталып, қалпына келтірілді. 2024 жылы 656 ақау тіркеліп, тиісті мердігерлер тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Мердігер ұйымдар мен қадағалаушы мекемелерге келісімшарт талаптарын бұзғаны үшін 2025 жылы 5,6 млн теңге айыппұл салынды. Оның ішінде 3,75 млн теңге кепілдік мерзім ішіндегі бұзушылықтарға қатысты. 2024 жылы бұл сома 176,5 млн теңгені құраған. Сонымен қатар, «Корпорация Сити-строй» ЖШС мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танылды. Қалада апатты және ескі 66 көпқабатты үйді сүріп, тұрғындарды жаңа үйлермен қамтамасыз етуге бағытталған реновация бағдарламасы бекітілді. Қазіргі таңда 10 апатты үйдің (113 пәтер) тұрғындары жаңа баспанаға көшірілді.
Сейсмологиялық қауіпсіздікті арттыру мақсатында 2021 жылдан бері 233 үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Нәтижесінде 68 үй сейсмонығайтуды, 67 үй күрделі жөндеуді қажет ететіні анықталды. Қазіргі таңда Мангельдин және Иляев көшелеріндегі бірнеше үйге қосымша зерттеу жүргізіліп, қорытындысы бойынша бюджеттен қаржы бөлу ұсынылды.
Инженерлік инфрақұрылым бойынша 2025 жылы 8 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде Бозарықта – 6, Ақжайықта – 1, Телман шағынауданында – 1 нысан. Жеті нысан биыл тапсырылса, бір нысан 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, «Тұрғын үй Шымкент» ЖШС-ның жарғылық капиталын ұлғайту арқылы қаладағы 22 көпқабатты тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізіліп, 9 үйдегі тозығы жеткен 17 лифт ауыстырылады. Осы шаралардың барлығы қала тұрғындарын сапалы баспанамен қамтуға, инфрақұрылымды дамытуға және өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған.
Шымкент қаласында тұрғын үй және инфрақұрылым құрылысы қарқынды жүргізілуде
