ҚР Парламенті Мәжіліснің депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесі Берік Айдарбекұлы Бекжанов пен қалалық мәслихаттың депутаты, фракция мүшесі Жадыра Нағашыбайқызы Таңатарова бүгін Қаратау ауданының Асар-2 шағын ауданындағы «Құтты мекен» партиялық жобасы аясында жүргізіліп жатқан инфрақұрылымдық жүйелердің құрылыс алаңында болып, ондағы жағдаймен танысып, жұмыс барысын бағамдап көрді, деп хабарлайды Nur Otan партиясының Шымкент қалалық филиалына сілтеме жасаған No-comment.kz
Асар-2 шағынауданында 2765 тұрғын үй бар. 12 мыңға тарта тұрғында ауыз сумен қамту үшін мердігер «Сарыағаш-Аман» ЖШС 156,1 шақырым су жүйесін тарту керек. Қазір жұмыс 70 пайызға орындалды. Қазан айында жұмыс аяқталып, тұрғындар орталықтандырылған ауыз су тұтына бастайды. Қаржы уақытылы бөлініп жатыр.
Сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету үшін мұнда барлық жұмыс жүргізіліп біткен. Енді жақын күндері Бозарық қосалқы стансасы пайдалануға берілсе, алдымен электр қуаты осы Асар-2 шағынауданына беріледі. Ал көгілдір отынды осы жылдың соңына қарай тұтынатын болады. Қазір 50 шақырымнан асатын газ жүйелерінің 70 пайызға жақын жұмыстары аяқталды. Мердігер компания құрылысты уақытылы бітіремін деп отыр. Ал 40 шақырым болатын кәріз жүйесі келесі жылы пайдалануға беріледі. Бұл өтпелі құрылыс нысаны.
Асар-2 шағынауданының тұрғыны Руслан Кенжеев кейбір үйлердің жобалау кезінде қалып кеткені, енді олардың жағдайы қалай болатынын сұраған. Тиісті басқарма өкілі ондай мәселенің бар екені, жақында жобалау жұмыстарына, сосын құрылысқа қаржы бөлініп, тұрғындар барлық инфрақұрылымдық жүйеге қосылатынын айтты.
Мәжіліс депутаты Берік Айдарбекұлы құрылыс жұмыстарының сапасына және мерзімінде пайдалануға беруді қадап айтты. Өйткені бұл құрылыс
«Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2021 – 2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасына енген. Сол себепті қадағалауды бір сәт те босаңсытуға болмайды, деді.