2025 жылғы алғашқы 3 айында Қазақстанның Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 43,5%-ға артты

2025 жылғы алғашқы 3 айында Қазақстанның Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 43,5%-ға артты

Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Қытай Халық Республикасының Коммерция министрінің орынбасары Лин Цзимен екіжақты кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

2025 жылдың алғашқы үш айында Қазақстанның Қытайға ауылшаруалық өнімдерінің экспорты 426,3 млн АҚШ долларына жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 43,5%-ға артық. 2024 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы жалпы тауар айналымы 1,44 млрд доллар болды, оның ішінде Қазақстан экспорты 1,054 млрд долларды құрады.

Арман Шаққалиев Қытай нарығында қазақстандық өнімдерді ілгерілету мақсатында сауда өкілдіктері мен сауда үйлерін құру және дамыту қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

«Қытай кәсіпкерлерінің жоғары қызығушылығын және еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуетін ескере отырып, біз бұл бағытта экспортты арттыруға дайынбыз», – деді министр.

Кездесу барысында Қытайдың өңірлерімен тікелей жұмыс істеу, сондай-ақ экспорт инфрақұрылымын дамыту арқылы сауда өсімін сақтау мәселелері талқыланды. 2024 жылы министрлік Қытайдың Нанкин, Чэнду, Үрімжі, Сиань және Чунцин қалаларында бес сауда-экономикалық миссия өткізіп, бірқатар ірі халықаралық көрмелерге қатысты. Бұл Цзянсу, Сычуань, Хунань, Шаньдун және Шэньси провинцияларының іскер топтарымен байланыстарды нығайтуға мүмкіндік берді.

Қазақстандық кәсіпорындарды Қытайдың экспорттаушылар тізіліміне жедел енгізу мәселесі де назарда болды. Бұл ауыл шаруашылығы өнімдері жеткізілімін ұлғайтуға және сауда кедергілерін жоюға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, тараптар жасымыққа қатысты СЭҚ ТН кодтарын үйлестірудің маңыздылығын атап өтті.

«Біз сауданың жаңа үлгілерін, әсіресе трансшекаралық электрондық коммерцияны дамытуды қолдаймыз. Біздің статистикамызға сай 2024 жылы трансшекаралық электрондық сауда көлемі 450 млн АҚШ долларын құрап, 35,8%-ға өсті. Қазіргі таңда Қытайдың бірқатар ірі маркетплейстерінде Қазақстанның ұлттық павильондары ашылып, сапалы қазақстандық ауыл шаруашылығы өнімдері осы платформалар арқылы сәтті саудалануда», – деп атап өтті ҚХР коммерция министрінің орынбасары Лин Цзи.

Осы оң үрдісті әрі қарай қолдау мақсатында тараптар электрондық коммерцияны дамыту жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою мүмкіндігін қарастыруды ұсынды. Бұл құжат цифрлық сауданы кеңейтуге және сауда арналарының әртараптануына жол ашпақ.

Кездесу соңында тараптар «Орталық Азия – Қытай» алдағы саммиті аясында бірқатар үкіметаралық құжаттарға қол қоюға дайын екендерін растады. Атап айтқанда, инвестицияларды өзара қорғау жөніндегі келісімді жаңарту жұмыстары жалғасуда. Бұл қадам инвесторлар үшін жаңа мүмкіндіктер ашуға бағытталған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ