Олжас Бектенов Roca Group компаниясының басшысы Сантьяго де Гомар Рокамен Қызылорда облысындағы зауыт құрылысын талқылады

Олжас Бектенов Roca Group компаниясының басшысы Сантьяго де Гомар Рокамен Қызылорда облысындағы зауыт құрылысын талқылады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рокамен кездесу өткізді. Онда Қызылорда облысында сантехникалық бұйымдар шығаратын зауыт салу жобасын жүзеге асыру мәселелері мен инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективалары талқыланды, деп хабарлайды No-comment.kz - ҚР Премьер-Министрінің ресми ақпараттық ресурсына сілтеме жасап.

Жоба қуаты жылына 500 мың бұйымға дейін санитарлық-техникалық өнім шығаратын жоғары технологиялық зауыт салуды көздейді. Өндіріс Қызылорда облысындағы «Өндіріс» индустриялық аймағында орналасады, осы мақсаттар үшін жер телімі белгіленді. Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа  және Орталық Азия елдеріне экспортқа шығаруға бағытталған. Жалпы инвестиция көлемі €70 млн деп бағаланады. Жоба 300-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Roca Group директорлар кеңесінің төрағасы Сантьяго де Гомар Рока компания Қазақстанды өңірдегі бизнесті дамытудың стратегиялық алаңы ретінде қарастыратынын атап өтті. Бүгінгі таңда Roca Group саладағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналады. Компанияның 78 зауыты, 20 мыңнан астам қызметкері бар.

«Қазақстан – Орталық Азиядағы қатысуымызды кеңейту үшін қисынды таңдау. Біз елді бүкіл аймақ үшін тиімді жұмыс істей алатын өнеркәсіптік және логистикалық хаб ретінде қарастырамыз. Елде өндірісті дамытуға қолайлы жағдай жасалған және Қызылорда облысындағы жоба жергілікті экономиканың дамуына үлес қоса отырып, халықаралық стратегиямыздың маңызды бөлігіне айналатынына сенімдіміз», — деді Сантьяго де Гомар Рока.

Премьер-министр Олжас Бектенов өнеркәсіптік өндірісті локализациялау Үкіметтің экономиканы құрылымдық нығайту жөніндегі басым міндеті екенін атап өтті. Осыған байланысты Қазақстан жақсы инвестициялық ахуал қалыптастыру бойынша белсенді жұмыстар жүргізуде. 

«Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі басым бағыты аясында отандық өндірісті қолдауға және сыртқы жеткізілімдерге тәуелділікті азайтуға бағытталған импортты алмастыру саясаты белсенді дамып келеді. Қазақстан мен Испания – стратегиялық серіктестер. Сондықтан біз компанияны сенімді серіктес ретінде көреміз және терең индустриялық даму үшін жоғары технологиялық өндіріс тартуды құптаймыз. Үкімет жобаның сәтті жүзеге асуы үшін қажетті көмек көрсетеді», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Кездесу соңында тараптар ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, Қызылорда облысының әкімдігі және Roca Group арасындағы инвестициялық жобаны жүзеге асыру қағидаттары туралы негіздемелік келісімге қол қойды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министр Олжас Бектенов көлік саласындағы ірі инвестициялық жобалар бойынша кеңес өткізді. Онда Қауіпсіздік Кеңесі отырысында айтылған...