2024 жылдың қазан айында Шымкент қаласындағы «Жұлдыз» индустриалды аймағында ірі инвестициялық жоба – керамикалық плиталар шығаратын зауыттың бірінші кезеңі іске қосылды.
Жоба шетелдік инвестор «WAN SHENG CERAMIC» компаниясының компаниясы тарапынан жүзеге асырылды.
Мемлекет басшысының шетелдік инвестицияларды тарту жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру аясында жоба барлық кезеңдерде мемлекеттік қолдау алды. Жаңа кәсіпорын Қазақстанның ішкі нарығын отандық керамикалық плиталармен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жобаның құны 25,5 миллиард теңгені құрап, зауыттың жалпы аумағы 32 гектарды қамтиды. Бірінші кезеңде 350 жұмыс орны ашылды. Жобаны жүзеге асыру аясында зауыт жылына 12,7 миллион шаршы метр өнім шығарады, ал екінші кезең іске қосылғаннан кейін бұл көрсеткіш 25,4 миллион шаршы метрге дейін артады. «WAN SHENG CERAMIC» компаниясының құрылтайшысы Ху Цзяньгоның айтуынша, зауытқа заманауи технологиялар енгізіліп, жұмысшылардың кәсіби дамуына арналған бағдарламалар жүзеге асырылады. Өндіріс экологиялық стандарттарға сай, барынша қауіпсіз әрі заманауи технологиялармен жабдықталған.
Бұл жобаның жүзеге асырылуы тек құрылыс саласын дамытумен ғана шектелмейді. Ол заманауи өндірісті енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етпек. Қала экономикасына серпін беретін бұл жоба елдегі құрылыс индустриясын нығайтуға және керамикалық плиталар өндірісіндегі тәуелділікті төмендетуге мүмкіндік береді.