Түркістан облысының Сарыағаш ауданында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кең ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Бұл жолғы шараға аудан тұрғындары, жастар, мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері, еріктілер мен қоғамдық ұйым өкілдері белсене қатысты. Жалпы аудан бойынша бірнеше мың адам жұмылдырылып, тазалыққа атсалысты.
Сенбілік таңғы сағат 08:00-де басталып, алдын ала бекітілген кесте мен аумақтар бойынша жүргізілді. Әр мекеме мен ұйым өзіне тиесілі аумақтарда тазалық жұмыстарын мұқият атқарып, орталық көшелер, көпқабатты үйлердің аулалары, саябақтар, қоғамдық орындар мен жол жиегі күл-қоқыстан тазартылды. Сонымен қатар, шөп шабылып, ағаштар әктеліп, жасыл желектер ретке келтірілді.
Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев сенбілікке тікелей қатысып, тұрғындармен қатар еңбек етті. Сонымен бірге, аудан басшысы тазалық жұмыстарының барысын жеке бақылап, сала басшылары мен жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Аудан басшысы өз сөзінде: «Қоршаған ортаны таза ұстау – баршамыздың ортақ міндетіміз. Мұндай шаралар арқылы біз тек қоқысты жинап қоймай, қоғамда экологиялық тәрбие мен мәдениетті қалыптастырамыз», – деді.
Сенбілік барысында пайдаланылған арнайы техникалар саны арттырылып, жиналған қоқыстар белгіленген полигондарға тасымалданды. Ауылдық округтерде де осындай сенбіліктер өтті. Халықтың ұйымшылдығы мен ынтымағы бұл жолы да айқын байқалды. Тұрғындар туған жерін таза ұстаудың маңыздылығын сезініп, үлкен жауапкершілікпен қарады.
Экологиялық мәдениет тек бір реттік шаралармен шектелмейді. Аудандық әкімдік пен тиісті мекемелер сенбіліктен бөлек, апта сайын жүйелі түрде тазалық акцияларын өткізуді жоспарлап отыр. Бұл экологиялық тәрбие мен табиғатқа деген құрметтің тұрақты жүйеге айналуына ықпал етеді.
«Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ахуалды жақсарту және халық арасында санитарлық талаптарды сақтау мәдениетін қалыптастыру. Бұл ретте Сарыағаштықтардың белсенділігі мен жауапкершілігі – өзгелерге үлгі боларлық.
Осындай ауқымды шаралар арқылы еліміздің әрбір азаматы туған жерінің гүлденуіне, экологиялық тазалығына өз үлесін қосып келеді. Сарыағаш ауданы бұл бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жалғастырып, туған өлкені таза, көрікті және жайлы етуге ұмтыла бермек.