«Инклюзивті Алматы 2025–2030»: Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қаласы

«Инклюзивті Алматы 2025–2030»: Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін тең мүмкіндіктер қаласы

Алматы қаласы ерекше қажеттіліктері бар азаматтар үшін қолайлы және тең құқықты орта қалыптастыру бағытында жүйелі түрде қадамдар жасап келеді. Қазіргі таңда қалада «Инклюзивті Алматы 2025–2030» тұжырымдамасы әзірленуде. Бұл стратегиялық құжат инклюзивті инфрақұрылымды дамыту, қолжетімді қызметтерді кеңейту және мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында әзірленген.

2024 жылғы ресми статистикаға сәйкес, Алматы қаласында мүгедектігі бар 59 899 адам тіркелген.

Ерекше назар аударуды қажет ететін тағы бір мәселе – даму мүмкіндігі шектеулі балалардың саны. Былтырғы жылы мұндай балалардың саны 27 502-ді құраған. Балалар арасында даму ерекшелігі бар тұлғалардың көбеюі — білім беру жүйесінде бейімделген бағдарламалар мен педагогикалық қолдауды дамытудың маңыздылығын айқындайды.

2025 жылдан бастап қалада әлеуметтік нысандарды бейімдеу жұмыстары ауқымды түрде жүзеге асырылуда. Жоспар бойынша Алматыда 2030 жылға дейін 3 100-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысан мүмкіндігі шектеулі жандарға бейімделеді. Ағымдағы жылдың өзінде 32 500 нысанды паспортизациялау көзделіп отыр. Бұл процесс әрбір ғимараттың қолжетімділік деңгейін анықтап, оларды қайта жабдықтау үшін нақты шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, жұмыс барысын ашық қадағалау мақсатында әкімдік арнайы мобильді платформаны іске қосты. Бұл цифрлық жүйе бейімдеу жұмыстарының нақты уақыт режимінде жүріп жатқанын бақылауға, тұрғындардың шағымдары мен ұсыныстарын тіркеуге мүмкіндік береді. Қоғамның белсенді қатысуы арқылы билік пен тұрғындар арасындағы кері байланыс нығая түсуде.

Тұжырымдама тек физикалық инфрақұрылымды емес, сонымен қатар, ақпараттық, цифрлық және әлеуметтік қолжетімділікті де қамтамасыз етуге бағытталған. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтар тек көмек алушы емес, қоғамның белсенді мүшесі ретінде қарастырылуы тиіс. Сол себепті, Алматы қаласында инклюзивті мәдениетті қалыптастыруға арналған түрлі ақпараттық кампаниялар, форумдар мен оқыту жобалары іске асырылуда.

Қала әкімдігі ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау саласында тек материалдық-техникалық өзгерістермен шектелмей, құқықтық және этикалық көзқарасты да өзгертуге ниетті. Инклюзивтілік — бұл тек әлеуметтік мәселе емес, бұл — адамның қадір-қасиетін, құқықтарын және тең мүмкіндіктерін тану.

Алматыдағы демографиялық және әлеуметтік деректер инклюзия саласындағы нақты шешімдер қабылдауды талап етеді. Қала билігі бұған жауап ретінде жүйелі жоспарлар әзірлеп, олардың орындалуын қоғаммен бірлесе отырып жүзеге асыруды көздеп отыр. «Инклюзивті Алматы 2025–2030» тұжырымдамасы осы бағыттағы негізгі құралға айналмақ.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ