Бүгінде елімізде кәсіпкерлікті дамытуға ерекше назар аударылуда. Мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары ҚР Үкіметінің «Жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдаудың кейбір шаралары туралы» ережелері аясында іске асырылуда. «Бірыңғай кешенді бағдарламада» кәсіпкерлерге қайтарымсыз негізде 5 млн теңгеге дейін мемлекеттік грант қарастырылған. Қолдау әсіресе, әлеуметтік салада жұмыс істейтін кәсіпкерлер үшін үлкен көмек болып отыр.
Жеке кәсіпкер, көпбалалы ана Айжан Райымбекова мүмкіндікті пайдаланып, кәсібін ұлғайтты. Мемлекеттен алған 5 миллион теңге көлеміндегі грант қаржысына шұбат өнімдерін өндіруге қажетті заманауи құрал-жабдықтар сатып алған. Дайын өнімдерді қазір Шымкентке қана емес, өзге де өңірлерге сатуда.
Конкурсқа әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері мен «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасының жеңімпаздары қатыса алады. 2024 жылғы қазан айында ұйымдастырылған байқау аясында 31 өтініш қабылданып, 19 жоба жеңімпаз деп танылды. Жалпы көлемі 95 млн теңге мемлекеттік грант табысталды.
Айта кетейік, 2025 жылға арналған конкурсқа мемлекеттік бюджеттен 196 млн теңге бөлініп отыр. Бұл – әлеуметтік бағыттағы кәсіпкерліктің дамуына тың серпін беретін маңызды қолдау.