Түркістан облысы бойынша экологиялық және табиғатты қорғау саласындағы жұмыстар жүйелі түрде күшейтілуде. Соның аясында Арыс қаласында көгалдандыру, зиянкестермен күрес, тұқымбақтарды дамыту және сасық кеурек сынды инвазиялық өсімдіктердің таралуын тоқтату бағытында арнайы семинар-кеңес өтті. Жиын Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің тікелей тапсырмасы бойынша ұйымдастырылды.
Семинар-кеңеске облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев, аудан-қала әкімдерінің орынбасарлары, Табиғат қорғау полициясының қызметкерлері, ауыл шаруашылығы, тұрғын үй-шаруашылық бөлімінің басшылары, көгалдандыру мекемелерінің өкілдері, аудандық аумақтық инспекция басшылары, республикалық, облыстық орман мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ «мамандандырылған «Қорған» жедел қызметінің аудандық мемлекеттік инспекторлары қатысты.
Жиында ең алдымен көгалдандыру жұмыстарының қазіргі жағдайы мен елді мекендердегі ағаш отырғызу мәселелері сараланды. Жергілікті жерлерде егілген көшеттердің өсуі мен жерсіну деңгейі төмен екені айтылып, бұл көрсеткішті арттыру қажеттілігі ерекше назарға алынды. Бұдан бөлек, кейбір өңірлерде шектен тыс инвазиялық өсімдіктер – әсіресе сасық кеурек пен мияның бақылаусыз жиналуы экологиялық тепе-теңдікке қауіп төндіретіні айтылды. Осыған орай, бұл өсімдіктерді заңсыз қазуға тыйым салу тетіктері талқыланды.
Семинар барысында зиянкестерге қарсы күрес жұмыстарының жай-күйіне де тоқталып өтілді. Мамандар 2024 жылдың вегетациялық кезеңінде жүргізілген химиялық өңдеу шараларын қорытындылап, шегірткелер мен басқа да зиянды жәндіктердің таралу аясын анықтап, келесі жылдарға арналған болжамды аумақтар бойынша нақты ұсыныстарын ортаға салды.
Атап өту қажет, шегірткелердің көбеюі тек егістікке ғана емес, сонымен қатар орман алқаптарына да қауіп төндіреді. Сондықтан химиялық өңдеудің уақтылы әрі ғылыми негізделген тәсілдермен жүргізілуі маңызды. Бұл ретте «Қорған» жедел қызметінің мемлекеттік инспекторлары тарапынан жүргізілген рейдтік шаралар нәтижесінде, бірқатар заң бұзушылықтар анықталып, құқықтық жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар басталған.
Семинарда сөз алған Нұрбол Тұрашбеков әрбір қатысушы тараптың табиғатты қорғау мәселесіне жан-жақты әрі жауапкершілікпен қарауы қажеттігін атап өтті. Оның айтуынша, көгалдандыру тек көріктендіру шарасы емес, сонымен бірге экологиялық тепе-теңдікті сақтауға бағытталған ұзақ мерзімді саясаттың бөлігі.
– Бүгінгі таңда көгалдандырумен қатар табиғатты қорғау мәселесі де өзекті. Табиғатты пайдаланудың өз талабы мен ережелері бар. Олардың сақталуын қамтамасыз етуде құзырлы мекемелермен бірге жұмыс атқару маңызды, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жиын соңында барлық аудан-қала әкімдіктеріне, басқармалар мен мекемелерге көгалдандыру мен зиянкестермен күрес жұмыстарының сапасын арттыру, заңсыз өсімдік қазу фактілерін болдырмау, орман алқаптарын тиімді пайдалану және қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысында алдағы уақытта көгалдандыруға бөлінетін қаржы көлемі мен техникалық қолдау артып, тұқымбақтар желісі кеңейтіледі деп жоспарлануда. Бұл өңірдің экологиялық тұрақтылығын сақтап, жасыл аймақтардың көлемін ұлғайтуға үлкен серпін бермек.