Түркістан облысында энергетика мәселелері талқыланды: вице-министр тұрғындармен кездесті

Түркістан облысында энергетика мәселелері талқыланды: вице-министр тұрғындармен кездесті

Түркістан облысына ҚР Энергетика вице-министрі Құдайберген Арымбек жұмыс сапарымен келіп, тауарлық газ бағасын қалыптастыру сұрағына байланысты өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Жиынға өңір тұрғындарымен қатар, мәслихат депутаттары, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының өкілдері қатысты.

Кездесуде вице-министр Құдайберген Арымбек еліміздегі газ саласындағы қазіргі жағдай мен тарифтердің қалыптасу принциптері жөнінде жан-жақты түсіндірме берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан халқының 62 пайызы табиғи газбен қамтамасыз етілген. Газдандыру процесі елдің барлық өңірінде белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Алайда бұл тұтыну көлемінің артуына әкеліп, газ тапшылығын тудырып отыр. Газды өндіру көлемі ішкі нарықтағы сұранысты толық жаба алмайды.

Сондықтан қазіргі таңда «QazaqGaz» компаниясы тауарлық газды өзіндік құнынан төмен бағамен сатуына мәжбүр. Бұл жағдай саладағы қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіріп отыр. Ұлттық компанияның шығындарының өсуі газ тасымалдау, сақтау және тарату инфрақұрылымын жаңартуға, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыруға мүмкіндік бермейді. Газ бағасын реттеу — бұл әлеуметтік маңызы бар мәселе ғана емес, сонымен қатар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігі мен ұзақ мерзімді дамуына әсер ететін маңызды фактор екені айтылды.

Жиын барысында жұмыс тобының өкілдері - Энергетика министрлігі, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті, сондай-ақ салалық мекемелердің мамандары — тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, газ бағасына қатысты ашық пікір алмасты. Тұрғындарды, әсіресе, бағаның өсуі әлеуметтік жағдайға қалай әсер ететіні, халықтың әлеуметтік осал топтарына қандай жеңілдіктер қарастырылатыны қызықтырды. Бұл сұрақтарға жауап ретінде вице-министр газ бағасын түзету үдерісінде халықтың әл-ауқаты ескерілетінін, арнайы қолдау механизмдері қарастырылып жатқанын атап өтті.

Газ саласының дамуында инвестиция тарту, геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу, жаңа газ кен орындарын игеру секілді бағыттар маңызды болып отыр. Бұл тек ішкі сұранысты қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар экспорттық әлеуетті арттыруға да мүмкіндік береді. Сонымен қатар энергетикалық тиімділік пен баламалы энергия көздерін дамыту да күн тәртібінен түспей отыр.

Кездесу соңында вице-министр Құдайберген Арымбек тұрғындардың ұсыныстары мен пікірлерін ескере отырып, барлық мәселелер орталық деңгейде қаралатынын және түсіндіру жұмыстары әрі қарай да жалғасын табатынын мәлімдеді. Энергетика саласындағы өзгерістер ашық әрі айқын жүргізілетініне сендірді. Газ бағасына қатысты шешімдер қабылданбас бұрын қоғаммен кеңесу жалғасады.

Жергілікті тұрғындар кездесудің ашық түрде өтуін жоғары бағалап, өздерін мазалаған сұрақтарға нақты жауап алғандарын айтты. Көпшіліктің айтуынша, мұндай кездесулер қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады және шешім қабылдау процесінде азаматтардың белсенді қатысуына мүмкіндік береді. Бұл — мемлекеттік басқарудағы жаңа тәсілдердің бірі.

Бұл жиын тек баға саясатына емес, жалпы газдандыру процесінің барысына, оның өңірлік деңгейдегі тиімділігіне де назар аударуға мүмкіндік берді. Энергетика саласына қатысты басқа да өзекті мәселелер - газ желілерінің тозуы, ауылдық елді мекендердің қамтылу деңгейі, жаңа абоненттерді қосу, жеке тұтынушылардың мүмкіндіктері - талқыланды.

Осылайша, Энергетика министрлігінің өкілдері мен қоғам өкілдерінің тікелей диалогы халықтың көкейінде жүрген мәселелерді ашық айтуға және нақты шешім жолдарын қарастыруға жағдай жасады. Алдағы уақытта мұндай түсіндіру кездесулері еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады деп жоспарланып отыр.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Рудничный ауылында Бас Прокурор Берік Асылов жаңа мектеп құрылысында «уақыт капсуласын» орнату салтанатты рәсіміне қатысты. Шараға облыс әкімі...

Жыл басынан бері Қазақстанда мүгедектікті сырттай куәландыру процесіне медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз сарапшылары ресми түрде тартылып жатыр. Тізілімге...