Шымкент қаласында өткен аптада тергеу органдарының өндірісінде 193 қылмыстық іс тіркеліп, оның 13-і сотқа жолданды. Ең жиі тіркелетін қылмыстардың қатарында алаяқтық – 38 іс, ұрлық – 27 іс, есірткі заттарының заңсыз айналымы – 12 іс, тонау – 10 іс және жол-көлік оқиғаларына байланысты 11 іс бар. Алаяқтық қылмыстарының басым бөлігі интернет алаяқтық деректерімен байланысты (28 іс). Оның ішінде интернеттегі жалған тауар жарнамалары арқылы (13 дерек), инвестицияға қатысты жалған ұсыныстар (3 дерек), өздерін банк қызметкері, байланыс операторы немесе мемлекеттік орган өкілі ретінде таныстырып жасалатын қоңыраулар (11 дерек) және несие рәсімдеу арқылы (2 дерек) алаяқтық тәсілдері жиі кездеседі. Мәселен, өткен аптада «Г» есімді қала тұрғынына белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банктің қауіпсіздік басқармасының қызметкері ретінде таныстырып, банк шотынан күмәнді несие рәсімделгенін айтып, қаражатты «қауіпсіз» шотқа аудару қажеттігін хабарлаған. Нәтижесінде жәбірленуші 3 700 000 теңгеден астам сомадағы қаражатын алаяқтың шотына аударған. Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Осындай интернет алаяқтық фактілері күн сайын тіркеліп отырғандықтан, қала тұрғындары мен қонақтарын сақ болуға шақырамыз: белгісіз адамдардан түскен күмәнді қоңыраулар кезінде жеке деректерін жария етпеуді және банк шоттарына қатысты ақпарат алу үшін ресми сенім телефондарына хабарласуды ұсынамыз. Сонымен қатар, қалта ұрлықтары мен ұялы телефондарды ұрлау деректері де көбейіп отыр. 6 шілде күні мерекелік шара кезінде орталық саябақта белгісіз адам «С» есімді азаматтың баласының қолынан ұялы телефонды жасырын түрде жымқырып кеткен. Мұндай ұрлықтар, әсіресе, базарларда, қоғамдық көліктерде және мерекелік іс-шараларда жиі орын алатындықтан, тұрғындарға адам көп жиналатын жерлерде бағалы заттарын қалталарға салмауға және балалардың қолына ұстатпауға кеңес береміз. Сондай-ақ интернет желісіндегі есірткі заттарын жарнамалайтын парақшалардың қолжетімділігі жастарды заңсыз курьерлік қызметке және есірткі қолдануға итермелеп отыр. Статистикаға сәйкес, есірткі заттарын өткізумен байланысты істер бойынша көбінесе курьерлік қызмет көрсететін жастар ұсталып жатыр. Осыған байланысты жас буынды әлеуметтік желілердегі күмәнді хабарламаларға алданбауға, заңсыз ұсыныстарды қабылдамауға және салауатты өмір салтын ұстануға шақырамыз. Сонымен қатар өткен аптада қала аумағында бірнеше жол-көлік оқиғасы тіркеліп, жәбірленушілердің саны артты. Қылмыстық істердің басым бөлігі жүргізушілердің жылдамдықты арттыруы мен ұялы телефонға алаңдауы салдарынан орын алған. Атап айтқанда, жаяу жүргіншілерді қағу және көліктердің соқтығысуы – 5 іс, жаяу жүргіншілердің рұқсат етілмеген жерден өтуі – 2 іс, кәмелетке толмағандардың скутер мен самокатты жол ережесін сақтамай басқаруы – 1 іс және алкогольдік масаң күйде көлік жүргізу – 1 іс тіркелген. Осыған орай қала тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, ал ата-аналарды балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында скутерлер мен жылдамдығы жоғары самокаттарды басқаруға қатаң тыйым салуға шақырамыз.
Бұл туралы, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек мәлімдеді.
Толығырақ: youtube.com