Алғашқы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша биыл елімізде 13,2 мың орынды қамтитын 172 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Бұл 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 93,1 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамтуға мүмкіндік берді.
Мектепке дейінгі біліммен қамтуды арттыру құрылыс жүргізу, қолданыстағы балабақшаларды кеңейту, тұрғын үйлердің бірінші қабаттарында шағын орталықтар ашу, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, оның ішінде «ақша балаға беріледі» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру есебінен жүзеге асырылуда.
Жаңа ваучерлік қаржыландыру тетігі еліміздің 19 қаласында және 7 ауданында іске асырылды. Ол арқылы 300 мыңға жуық бала мектепке дейінгі білімге қол жеткізді, ал кезек 44 пайызға қысқарды.
Сонымен қатар мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналарына арналған консультациялық пункттер желісі кеңейді. Жыл басынан бері олардың саны 4,2 мыңнан 5,5 мыңға дейін артты.
Бұдан бөлек, 260 мемлекеттік балабақшада жөндеу жұмыстары жүргізілуде және олардың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда.
Бүгінде еліміздегі 11,8 мыңнан астам балабақшада 1 миллионнан астам бала тәрбиеленуде.