Оның айтуынша, эндаумент қоры сомасы 10 000 АЕК-тен асатын болса, эндаумент қорының активтерін тиісті лицензиясы бар инвестициялық компаниялар мен қаржы ұйымдарына сенімгерлік басқаруға береді.
«Салықтық жеңілдіктер қолданыстағы талаптарға сәйкес заң жобасында тікелей көрсетілмеген, бірақ депутаттардың бастамасының арқасында Салық кодексінің жобасында көрініс тапты. Салық кодексінің жобасына инвесторлар үшін және жарғылық мақсаттарға арналған эндаумент қорларының шығыстарына 100%-ға дейінгі салық шегерімдерін көздейтін нормалар енгізілген. Бұл норма 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді», – деді спикер.
Заң кез келген әлеуметтік маңызды салада – білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет салаларында эндаумент қорларын құруға мүмкіндік береді. Бұл ретте әлеуметтік саладағы мемлекеттік бюджетке түсетін салмақты кезең-кезеңмен азайтуға сеп болады. Эндаумент қорларын дамыту экономикадағы жинақтардың өсуіне және сәйкесінше қаржы нарығына «ұзақ» капиталдың келуіне ықпал ететіні маңызды.
Бүгінде еліміздің ауқатты азаматтары тарапынан әлеуметтік маңызы бар жобаларға инвестиция салу қажеттілігі туындап отыр. Ірі инвесторлар өз қаражатына университеттер, мектептер, ауруханалар салады. Заң мұндай инвесторлар үшін қосымша ынталандыруды қамтамасыз етеді – депозиттерді сақтау, инфляциядан қорғау, салықтық жеңілдіктер және т.б. Эндаумент қорының тетіктері ірі инвесторлармен қатар қарапайым азаматтарға да қайырымдылық жобаларына өз үлесін қосуға жол ашады.
Жаңа заңның қағидаттары мен бірқатар нормаларында көзделген ашықтық, бақылау және есеп беруге міндеттері эндаумент қордың қаражатын өзге мақсаттарға немесе салушылармен келісімсіз пайдалануды болдырмайды. Заң салушыларға ақпараттың шектеусіз ұсынылуын белгілейді, қаржылық есеп беру қордың веб-сайтында міндетті түрде жариялануға жатады, міндетті ішкі және тәуелсіз сыртқы аудит қарастырылған.