Шымкент қаласында мемлекеттік қайтарымсыз гранттар арқылы өз кәсібін бастаған жастардың қатары жылдан жылға көбейіп келеді. Бұл – жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту, кәсіпкерлікке бейімдеу және экономиканың нақты секторларын дамытудағы тиімді құралдардың бірі.
2025 жылдың бірінші жарты жылдығында Шымкентте 400 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі көлемде қайтарымсыз грант 134 жасқа берілді. Грант көлемі – 1 572 800 теңге. Бұл қаражат жастардың өз бизнес-идеяларын іске асырып, алғашқы қадамдарын табысты бастауына мүмкіндік беріп отыр. Қалада әсіресе қызмет көрсету, тігін, тағам өндірісі, жартылай дайын өнімдер және шағын өндіріс салаларындағы жобалар көбірек қолдау тапты.
Грант иегерлері арнайы комиссия арқылы іріктеліп, бизнес-жоспарларын қорғап барып қаржыландырылады. Шарт бойынша, кәсіпкер өзі ұсынған жобаға сай құрал-жабдықтар немесе қажетті материалдарды сатып алуы тиіс. Барлық сатып алулар бойынша түбіртектерді фискальды QR-кодпен растау талап етіледі. Бұл – қаржының мақсатты жұмсалуын бақылау үшін маңызды.
Грантқа ие болған жастар тек қаражатпен шектелмей, “Атамекен” кәсіпкерлер палатасы арқылы тегін оқыту, бухгалтерлік кеңес, маркетингтік қолдау секілді қосымша қызметтерді де пайдалана алады. Сонымен қатар, Еңбек мобильділігі орталығы мен Мансап орталықтары тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру кездесулерін ұйымдастырып, мемлекеттік қолдау тетіктерін кеңінен таныстырып келеді.
Жастардың кәсіпкерлікке бет бұруы – қаланың экономикалық белсенділігіне тікелей әсер етеді. Жаңа жұмыс орындары ашылып, өзін-өзі жұмыспен қамтыған жастар саны артуда. Кәсібін енді бастағандардың кейбірі тіпті табысты кеңейтіп, бірнеше қызметкерді жұмыспен қамтып үлгерген.
Мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар тек материалдық көмек емес, бұл – жастарға деген сенім мен мүмкіндік. Кәсіпкерлікке ден қойған жастар өз армандарын жүзеге асырып қана қоймай, өзгелерге де үлгі болуда. Бұл үдеріс болашақта Шымкентті шағын және орта бизнес орталығы ретінде одан әрі дамытатыны сөзсіз.
Жастарға арналған мұндай нақты қолдау шаралары — тұрақты жұмыспен қамтуды арттырудың, табысты ұлғайтудың және әлеуметтік белсенділікті нығайтудың пәрменді жолы.