Түркістан облысында ел тарихында алғаш рет 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі енгізілді

Түркістан облысында ел тарихында алғаш рет 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару жүйесі енгізілді

Түркістан облысында ел тарихында алғаш рет бір мезгілде 32 мың гектар жерге тамшылатып суғару жүйесінің енгізілуі ауыл шаруашылығы саласында үлкен жаңалық болды. Бұл – өңірдің агросекторына тың серпін беріп қана қоймай, мақта шаруашылығының өнімділігін еселеп арттыруға жол ашатын қадам. Су тапшылығы мәселесі ушығып тұрған қазіргі жағдайда мұндай бастаманың стратегиялық маңызы зор.

Осыған орай Отырар ауданында «Мақта дақылын жаңа технологиямен егудің тиімділігі» атты облыстық семинар-кеңес өтті. Жиынға облыс әкімдігі, прокуратура, жауапты басқармалар, аудан әкімдіктері мен шаруашылық иелері, кәсіпкерлер, ғалымдар және агроқұрылым жетекшілері қатысты. Семинар аясында ауыл шаруашылығына қажетті тыңайтқыштар, тұқымдар, агродрондар мен заманауи құрал-жабдықтар көрмесі ұйымдастырылды. Қатысушылар жаңа жүйемен егілген мақта алқабын аралап, тәжірибемен танысты.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жиынды ашып, ауыл шаруашылығындағы инновацияның мәнін атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысы жылына 1 трлн теңгеден астам ауыл шаруашылығы өнімін өндіріп, республика бойынша көш бастап отыр. Өңірде 90 мыңға жуық агроқұрылым жұмыс істеп, республикадағы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үштен бірін құрайды. Бұл шамамен 1 миллион ауыл тұрғынының әл-ауқатына тікелей ықпал етеді. «Дәстүрлі әдіспен гектарына орташа 25 центнер өнім алынса, жаңа технология есебінен өнімділік 3 есеге дейін артып, гектарына 60 центнерден астам мақта жинауға мүмкіндік туып отыр. Бұл – шаруалар үшін үлкен мүмкіндік», – деді аймақ басшысы.

Жиында сөз алған Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев инвестицияларды қорғау шаралары туралы баяндады. Ал «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС бас директоры Янь Цивэнь жоғары санатты мақта егу базасын салу мен оны пайдалану жолдарына тоқталды. Сондай-ақ отандық мақта сорттарын көбейту, су үнемдеу технологияларын ендірудің тиімділіктері, шаруалардың тәжірибелері мен жетістіктері жөнінде баяндамалар жасалды.

Бүгінде Түркістан өңірінде су үнемдеуге арналған өндірістер жолға қойылған. «BNK Group LTD» ЖШС жылына 50 мың гектарға арналған жаңбырлатып суғару машиналарын шығарса, «Тұран су» кәсіпорны 9 мың гектар жерді қамтитын тамшылатып суғару жүйесін өндіруде. Ал «XINJANG IRRIGATION» компаниясының зауыты жылына 40 мың гектарға жететін суару желілерін шығарып отыр. Бұл – жергілікті шаруалардың қолжетімді бағада заманауи жүйелерге көшуіне мүмкіндік беретін өндірістік база.

Жаңа технологиялардың енгізілуі тек мақта шаруашылығына ғана емес, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етуде. Заманауи агротехнологиялар суды үнемдеумен қатар, өнім сапасын арттырады, экспорттық әлеуетті күшейтеді. Бұдан бөлек, жергілікті халықтың жұмыспен қамтылуына мүмкіндік туып отыр. 2025–2026 жылдары толық циклді мақта-тоқыма кластерін құру жоспарланған. Бұл жоба егіс алқабынан бастап дайын тоқыма өнімін шығаруға дейінгі барлық кезеңді қамтиды. Қазақстанда теңдесі жоқ инвестициялық бастама өңірдің индустриялық дамуына жаңа серпін бермек.

Түркістан облысында қолға алынған осы ірі жоба ауыл шаруашылығын инновациялық негізде дамытуға үлгі болары сөзсіз. Су тапшылығы күн тәртібінде тұрған уақытта тамшылатып суғару жүйесінің кеңінен қолданылуы – болашақтың кепілі. Өнімділікті арттыру арқылы шаруалардың табысы көбеюімен қатар, облыстың экономикалық қуаты да нығая түседі.

Осылайша, Түркістан өңірі агросекторда жаңа дәуірдің есігін ашып отыр. Заманауи тәсілдер мен ғылыми негізделген технологияларды пайдалану ауыл шаруашылығын жаңа сапалық деңгейге көтеріп, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуда.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ