Бүгін Кентау қаласына жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі, халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Зүлфия Сүлейменова Түркістан облысындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды аралап, олардың қазіргі жағдайымен жан-жақты танысты. Сапар барысында ол облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаевпен бірге «Қаратау» мемлекеттік қорығына барып, табиғатты қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды көзбен көрді.
Қорық қызметкерлері кеңесшіге өңірдің флорасы мен фаунасы, қорықтағы биоалуандылық туралы егжей-тегжейлі мәлімет ұсынды. Қаратау – Қазақстандағы ерекше экожүйелердің бірі. Мұнда 1221 түрлі өсімдік өседі, олардың 59-ы Қазақстанның Қызыл кітабына енген. Сондай-ақ бұл жерде 127 құс түрі мекендейді, олардың 12-сі де сирек кездесетін түрлер санатында. Қорық аумағында 1345 омыртқасыз жәндіктер тіркелген, оның ішінде 16 түрі ерекше қорғауға алынған. Елімізде арқардың бес түрі болса, соның бірі — Қаратау арқары дәл осы аумақта мекендейтіні — қорықтың биологиялық маңызын арттыра түседі.
Зүлфия Сүлейменова өз сөзінде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстандағы биоәртүрлілікті сақтау — стратегиялық басымдық екенін ерекше атап өтті. Табиғатты қорғау — ел қауіпсіздігінің бір тармағы және келешек ұрпақтың аманатына айналған құндылық. Ол сондай-ақ Халықаралық биоәртүрлілікті қорғау қоры құрылып жатқанын айтып, бұл бастама еліміздегі қорықтар мен табиғи парктердің қызметін күшейтіп, экотуризмді дамытуға мүмкіндік беретінін жеткізді.
Сапар аясында қонақтар қорық аумағындағы тарихи орын — «Хан тағы» жартасына барып, табиғи ландшафтты аралады. Сонымен қатар қорықтағы ғылыми-зерттеу зертханасының жұмысымен танысып, сирек кездесетін жәндіктер мен өсімдіктердің сақталуына арналған арнайы орталықты көрді. Мұнда қорық қызметкерлері ғылыми жобалар жүргізіп, экожүйелерді ұзақмерзімді бақылау арқылы маңызды мәліметтер жинақтап келеді.
Зүлфия Болатқызының жұмыс сапары мұнымен шектелмей, Түркістан қаласындағы «Жастар саябағы» мен «Сырдария–Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне де жалғасты. Мұнда да ол атқарылып жатқан жұмыстармен танысып, экологиялық бастамалардың жүзеге асырылуына баға берді. Атап айтқанда, қала экожүйесін сақтау, жасыл желек көлемін ұлғайту және табиғи аймақтарды қалпына келтіру бағытындағы жобалар талқыланды.
Бұл сапар — өңірдегі экологиялық саясаттың өзектілігін және табиғат қорғау ісінің ел деңгейіндегі басымдыққа ие екенін айқын көрсетті. Қорықтардың ғылыми әлеуеті мен табиғи байлығын сақтау ісі тек мамандарға емес, қоғамның әр мүшесіне ортақ жауапкершілік екені тағы бір мәрте еске салынды.
Қорытындылай келе, Президент кеңесшісінің Түркістан облысына сапары қоршаған ортаны қорғау, экотуризмді дамыту және биологиялық әртүрлілікті сақтау бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасуына тың серпін беретіні анық. Табиғатпен үндестік — өркениетті қоғамның көрінісі. Ал оны сақтау — баршаға ортақ міндет.