Түркістан қаласында интернет-алаяқтық қылмыстарының алдын алу бойынша маңызды жиын өтті. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен өткен бұл жиынға қала прокуроры Кәукен Нәрікбаев, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, әкімдік қызметкерлері, ардагерлер кеңесі мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жиын барысында интернет-алаяқтық қылмыстарының жылдан-жылға күрделеніп, көбейіп келе жатқаны атап өтілді. Прокуратура өкілдерінің деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың алғашқы алты айының өзінде Түркістан қаласында интернет-алаяқтыққа қатысты 85 қылмыстық іс тіркелген. Бұл көрсеткіш 2023 жылы – 116 болған, ал соңғы үш жылда жалпы 406 істі құрайды. Мұндай статистика аталған қылмыс түрінің өсу қарқынын көрсетіп отыр.
Қала прокурорының орынбасары О. Мусаев, сондай-ақ Полиция басқармасының өкілдері Е. Оралбаев пен Ж. Жақай интернет-алаяқтардың жиі қолданатын тәсілдері жайында баяндама жасады. Олардың айтуынша, алаяқтар көбіне әлеуметтік инженерия әдістерін, яғни адамның сеніміне кіріп, жалған ақпарат беру арқылы жеке деректерді немесе банк шотына қол жеткізуді көздейтін схемаларды қолданады. Бұл ретте тұрғындардың цифрлық қауіпсіздікке немқұрайлы қарауы, негізінен, басты себеп ретінде көрсетілді.
Қала әкімі өз сөзінде ақпараттық қауіпсіздік пен азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыру — бүгінгі күннің басты талабы екенін атап өтті. Ол құқық қорғау органдарына түсіндіру жұмыстарын күшейтіп, барлық мекемелер мен оқу орындарында киберқауіпсіздік бойынша алдын алу шараларын тұрақты түрде өткізуді тапсырды. Сонымен қатар, әкімдік қызметкерлеріне де халықпен тікелей жұмыс істей отырып, интернеттегі алаяқтық туралы үнемі ақпарат беріп отыру қажеттігін ескертті.
Қазіргі уақытта интернет-алаяқтықтың түрлері көбейіп, әртүрлі платформаларда белсенді жүргізілуде. Мәселен, жалған интернет-дүкендер, инвестициялық алаңдар, лотерея немесе несие рәсімдеуге қатысты ұсыныстар арқылы азаматтардан ақшаны заңсыз иемдену жиі кездесуде. Алаяқтар әдетте адамның сеніміне кіру үшін өздерін банк қызметкері, полиция не мемлекеттік қызметкер ретінде таныстырады. Бұл әрекеттерге қарсы тұру үшін әр азаматтың дербес деректерді қорғауға аса мән беруі маңызды.
Мұндай жиындар Түркістан қаласында ақпараттық қауіпсіздікті нығайту, тұрғындарды цифрлық ортадағы қатерлерден қорғау бағытында атқарылып жатқан жүйелі жұмыстың бір бөлігі саналады. Тұрғындардың құқықтық және цифрлық сауаттылығын арттыру арқылы ғана біз интернет алаяқтарына қарсы тиімді қорған қалыптастыра аламыз.
Сондай-ақ жиын қорытындысында мектептерде, мемлекеттік мекемелерде және тұрғын аудандарда интернет-алаяқтыққа қарсы тұрақты түрде түсіндіру шараларын ұйымдастыру ұсынылды. Қалалық ақпараттық ресурстарда қауіпсіздік кеңестерін жариялау, әлеуметтік желілерде бейнероликтер тарату арқылы халықты барынша ақпараттандыру көзделуде. Түркістан қаласында бұл бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасып, азаматтардың цифрлық қауіпсіздігін қамтамасыз ету басты басымдықтардың бірі болмақ.