Шымкентте тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Таза қала» жалпы қалалық акциясы өтті. Бұл бастама қала тұрғындарына қолайлы орта құрумен қатар, мегаполистің заманауи келбетін айқындауға және экологиялық жауапкершілікті арттыруға үлес қосты.
Акцияға қала әкімдігінің құрылымдық бөлімшелері, аудан әкімдіктері, коммуналдық мекемелердің қызметкерлері мен еріктілер кең көлемде жұмылдырылды. Бірнеше аудан аумағында өткізілген тазалық жұмыстары нәтижесінде Шымкенттің көшелері мен аулалары айтарлықтай көркейіп, санитарлық жағдайы жақсарды.
Әл-Фараби ауданында өткен жұмыстарға 335 адам мен 22 арнайы техника қатысып, 27 тонна қоқыс шығарылды. Қоғамдық аумақтарда шөп шабылып, қураған ағаштар кесілді, қоқыс алаңшалары жуылып, жолдар мен аяқжолдар тазартылды. Бұл жұмыстар тұрғындарға таза әрі жайлы ортада өмір сүруге жағдай жасауға бағытталды.
Тұран ауданында да ауқымды еңбек атқарылды. Мұнда 426 адам мен 36 техника тартылып, 18,3 тонна қоқыс қала сыртына шығарылды. Қосымша түрде жасыл желектер күтіліп-бапталды, қураған ағаштар мен бұталар алынып, аумақтардың санитарлық жағдайы ретке келтірілді.
Абай ауданында ұйымдастырылған тазалық іс-шараларына 400-ге жуық адам мен 15 арнайы техника қатысты. Қала аумағынан 42 тонна қоқыс жиналып шығарылды. Сондай-ақ, қураған ағаштарды алып тастау, шөп шабу және жалпы санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Жалпы акция барысында барлық аудандарда қоғамдық орындарды жуу, қоқыс алаңшаларын ретке келтіру, жасыл аймақтарды күту секілді шаралар жүзеге асырылды. Мұндай кешенді жұмыстар қаланың сыртқы келбетін жақсартып қана қоймай, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға сеп болды.
«Таза қала» акциясының негізгі мақсаты — қала аумағын қоқыстан тазарту ғана емес, сонымен бірге әрбір тұрғынның туған қаласына деген жауапкершілігін арттыру. Қоршаған ортаның тазалығы тек мемлекеттік органдардың немесе коммуналдық қызметтердің ғана емес, барша азаматтың ортақ міндеті екендігі іс-шара барысында ерекше атап өтілді.
Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын табуы тиіс. Себебі мұндай іс-шаралар қаланың ажарын ашып қана қоймай, тұрғындарды табиғатқа жанашырлықпен қарауға, қоғамдық ортаға қамқорлық жасауға үйретеді. Шымкентті таза әрі жайлы қалаға айналдыру — баршаның ортақ мақсаты.