Жүктелген міндеттер шеңберінде биылғы жылы қалалық білім басқармасына қатысты 22 білім беру ұйымы профилактикалық бақылаумен қамтылған. Олардың нәтижесімен анықталған кемшіліктерді білім беру ұйымдарының жетекшілерімен келісілген мерзімдерінде жою туралы ұйғарымдар шығарылған. Бұл жөнінде Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Нұргүл Шамшиева қала әкімі М.Әйтеновтің алдында атқарылып отырған жұмыстарымен таныстыру барысында мәлімдеді.
Педагогтардың және балалардың құқықтарын қорғау міндетін іске асыру бойынша департамент жанынан білім беру ұйымдары педагогтарының құқықтарын қорғау және педагогтік әдеп жөніндегі кеңесші орган құрылған. Кеңес мүшелері қала аудандарында педагогтармен мақсатты кездесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Ұлттық біліктілік тестілеу ережелерін бұзған педагогтармен жеке-дара әңгемелесулер жүргізіп, білім беру ісінің стандарттары мен талаптарын түсіндірген, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.