Шымкент қаласында есепті мерзімде санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалау бойынша 187 нысанда тексерулер жүргізіліп, 149 ұйғарым берілген.
Бұл жөнінде Шымкент қаласының әкімі М.Әйтеновтің қатысуымен өткен жиында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің жұмыстары туралы мекеме басшысы Әбдіманап Тулебаев баяндады.
Қала бойынша әрекет ететін мобильдік (мониторингтік) топтардан 228 жедел хабарлама келіп түскен. Олардың негізінде жүргізілген тексерулер бойынша 208 нысанға 15 млн 575 мың теңге көлемінде айыппұл салынған.
«Ashyq» жобасы шеңберінде 254 хабарлама келген болса, оның 46-сы басқа өңірлердің тұрғындары болуына байланысты осы азаматтардың тұрғылықты жері бойынша санитариялық-профилактикалық іс-шаралар атқару жөнінде тиісті органдарға хабарлама берілген. Қала бойынша түскен 208 хабарламаның негізінде 61 «қызыл» мәртебесі берілген, 147 – «сары» мәртебесі бар азаматтар анықталған. Карантин режимін сақтамаған осы санаттағы 7 жеке тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оларға 291 мың теңге көлемінде айыппұл салынған, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.