Емханалық қызмет көрсетудің сапасы артуы тиіс

Емханалық қызмет көрсетудің сапасы артуы тиіс

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жұмысымен танысып, саладағы өзекті мәселелерді талқылады.

Биылғы жылдың алты айында департамент қарауына көрсетілген медициналық қызметтердің сапасы бойынша жеке және заңды тұлғалардан 135 шағым келіп түскен. Бақылаушы органға жолданған шағымдар бойынша 46 жағдайда медицина ұйымдарында тиісті тексеру жұмыстары жүргізілсе, 48 шағым негізсіз деп танылып, қараусыз қалдырылған. 36 шағымның мәні реттілігі бойынша басқа құрылымдардың қарауына жататындықтан, сол құрылымдарға жіберілген, 5 жағдайда шағымданушы өз шағымын кері қайтарып алған.

Көрсетілген медициналық қызметтер бойынша түскен шағымдардың 52 пайыздан астамы негізсіз деп танылған. Жеке және заңды тұлғалардан түскен шағымдардың ішінде уақытша жұмысқа жарамсыздық парағын ашу негіздемесін айқындау, дәрігерлер тарапынан этика және деонтология талаптарының сақталмауын қарау мәселелері де бар.

Дәрілік заттардың айналымы мен медициналық бұйымдар бойынша жеке және заңды тұлғалардан 85 шағым түсіп, оның ішінде 15 шағым бойынша денсаулық сақтау субъектілері болып табылатын нысандар тексерумен қамтылған.

Қала бойынша дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар қорына тұрақты мониторинг жүргізіледі. Тұрғындар арасында оларға деген сұраныс қалыпты жағдайда екені айтылып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың жетіспеушілігі жоқ екендігі назарға алынды.

Департамент жұмысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысына қаладағы медициналық ұйымдардың кешенді медициналық ақпараттық жүйе бойынша жұмысын ширатуды тапсырды.

Халық денсаулығын сақтау саласында адам факторынан туындайтын қателіктердің алдын алуда және медициналық қызметті белгіленген талаптар бойынша іске асыруда қалалық медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің жұмыс есебін барлық денсаулық сақтау ұйымдарында жеке талқылауды тапсырды, олар бойынша кешенді жұмыс жоспарларын әзірлеп, іске асыруды жүктеді.

Емханаларда келушілерге мейлінше қолайлы жағдай жасалуы тиіс деген қала басшысы, емханалық қызмет көрсету жүйесінің сапасын арттыру бойынша нақты шаралар қабылдау керектігіне тоқталды. Азаматтарымыз дәрігерлер қабылдауына келіп, сағаттап кезек күтуге мәжбүр болып отырғаны айтылып, емханалардың жүктелімдерін азайту, дәрігерлік қабылдау жүргізудің регламентін жүйелеу жөнінде пәрменді шаралар қабылдау тапсырылды. Медициналық қызметтерді автоматтандыру үрдісі заман талабы екенін атап өткен қала басшысы, бұл бағытта арнайы мобильды қосымшаны қолданысқа енгізу мүмкіндіктерін зерделеуді жүктеді

Денсаулық сақтау саласындағы барлық құрылымдар бүгінгідей сын сағатта үйлесімді жұмыс атқаруы тиістігін атап өткен қала әкімі, денсаулық күтімін сақтауда халық арасында нәтижелі түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңызы зор екенін айтты. Ақпараттық жұмыстарда барлық қолда бар мүмкіндіктер пайдаланылып, денсаулық күтімінде сауатты қимыл жасаудың жолдары түсіндірілуі керек деді, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған no-comment.kz.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Вице-премьер Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен Алатауды дамыту мәселелері жөніндегі жобалық кеңсенің екінші отырысы өтті, деп хабарлайды ...