Шымкент қалалық сотында судьялар мен адвокаттар дөңгелек үстел басында жиналды. Мұндағы мақсат – жаңа Әкімшілік сотқа Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс аясында түсіп жатқан әкімшілік талаптардың алғашқы тәжірибесінен туындаған мәселелер бойынша пікір алмасу.
Жиынды Шымкент қалалық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Г.Қыдырбаева ашып, Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты ағымдағы жылдың 1 шілдесінен жұмысқа кіріскелі түскен әкімшілік талаптардың 20 пайызға жуығы қаралмай кері қайтарылғанын айтты.
Әкімшілік талаптарды қайтару себептері біртектес. Көбіне, осы соттың соттылығына жатпайтын немесе іс әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралмайтындықтан кері қайтарылып жатыр. Сотқа түсетін әкімшілік талаптардың басым бөлігі адвокаттар мен заң өкілдері арқылы түсетіндіктен, қордаланған мәлеселелерді талқылау күн күттірмейді деді алқа төрағасы өз сөзінде.
Қалалық соттың судьясы Б.Насридинов Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс – дауласушы тараптарды сотқа дейін де, сотта да келісімге келуіне мол мүмкіндік беретінін айтты. Әкімшілік сотта қаралған алғашқы істер тараптардың бітімімен және медиация келісімін бекіту арқылы аяқталған. Осыны алға тартқан судья адвокаттардан, оларға жүгінген азаматтарға медиацияның тиімділігін түсіндірудің маңызды екенін атап өтті.
Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының судьясы М.Мұздыбаева сот өндірісіне шілде айында 140 талап арыз түскенін, соның 24-і кері қайтарылғанын айтып, нақты істерді мысалға келтірді.
Жиынға қатысушылар жұмыс барысында туындаған мәселелерді талқыға салып, өзара қызу пікір алмасты. Заң талаптарын сақтау арқылы, сотқа жүгінушілердің уақытын үнемдеп, артық қағазбастылықтан арылып, әрі жұмысты жүйелей түсу үшін осы тектес жиындарды тұрақты түрде өткізіп отыру келісілді, деп хабарлайды no-comment.kz.