Шымкентте Ashyq жобасына қатысушы 6,1 мың кәсіпкерлік субъектісі талапқа сай QR-кодтарын алып үлгерді. Қосымшаға тіркелген кәсіпкерлер Ashyq бойынша кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат алса, жоба лидерлері екі сағат артық қызмет көрсете алады.
Айта кету керек, Ashyq жобасының соңғы уақытта өз көшбасшылары пайда болды. Олар QR-код бойынша әрбір келуші азаматты жіті тексеруден өткізіп, бақылауды әділ әрі шынайы түрде жүргізетін кәсіпкерлік нысандар мен ұйымдар. Осындай бизнес объектілері мен мекемелерге қызметті мінсіз және ашық атқарғаны үшін карантиндік шектеулер барысында жеңілдіктер қарастырылған. Өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлан Қабыштаевтың айтуынша, жоба көшбасшысы атану үшін күніне QR-код арқылы кемінде 2 мың адамды бақылаудан өткізу керек.
–Нысандардың кіреберісіне орнатылған QR-кодпен Ashyq жобасы іске қосылғалы бері Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам «қызыл» және «сары» статусы бар азаматтар анықталды. Ал Шымкент қаласында осы күнге дейін карантин талабын бұзған 400 адам қосымша арқылы белгілі болды. Жоба тиімділігін жақсы көрсетіп жатыр, демек бизнес нысандарының қызметін түгел шектеу керек дегенді дұрыс деп санамаймын. Сондықтан Ashyq локдаун кезіндегі қатаң санитарлық шараларды жеңілдетуге бағытталған ең тиімді әдіс деуге толық негіз бар, - деді кәсіпкерлер ұйымының жетекшісі Н.Қабыштаев.
3 тамыздағы мәлімет бойынша Шымкентте 6 мыңнан астам кәсіпкер QR-код алса, 1 мың кәсіпкерлік нысанының тізімі бір апталық сынақ мерзімінің өтуіне байланысты қалалық әкімдіктің ресми сайтында жарияланды. Сондай-ақ, жобаға қоғамдық тамақтану нысандарының 80 пайызы қатысуда.
– Дей тұрғанмен кәсіпкерлердің барлығы да мойындарына алған міндеттерін толық атқарып жатыр дей алмаймыз. Клиенттерді өздеріне көбірек тарту үшін олар бақылауды өз деңгейінде іске асырмай отыр. Соның салдарынан QR-код бойынша тексеруден өткендер саны өте аз немесе мүлдем жоқ болып тұр, - деді Н.Қабыштаев алаңдаушылығын білдіріп.
Палата директорының сөзінше қосымшаның арқасында көптеген кәсіпкерлер бұрынғы қалпында жұмысын жалғастыра беруге мүмкіндік алды. Алайда келушілерді Ashyq-тың сүзгісінен өткізбейтін кәсіпкерлер мұның соңы қандай өкінішті жағдаймен аяқталарын сезінгісі келмейді. Егер сол нысанның бірінде індеттің таралу ошағы анықталса, ол карантинге жабылып, табыс әкеп тұрған бизнес те тоқтайды. Шымкентте бүгінге дейін қосымшасы бола тұра қызметінде ашықтықты қамтамасыз етпегені үшін 23 кәсіпкерлік нысанынан QR-кодтар кері қайтарылды.
– Алғашқы кезде QR-кодты бір апта мерзімге өшіреді. Егер заңбұзушылық қайта орын алса, кодты екі аптаға ажыратады. Сонда да Ashyq бойынша тәртіпке бағынбаса, бір ай QR-кодты пайдалана алмайды. Қайта-қайта заңға бағынбаудың нәтижесінде Ashyq қосымшасымен мүлдем жұмыс істей алмай қалуы мүмкін, - деді Нұрлан Орынбасарұлы.
Бүгінгі таңда Ashyq жобасы бойынша көшбасшы атанған кәсіпкерлер саны Шымкентте – 21. Олар негізінен қоғамдық тамақтану және қызмет көрсету саласындағы бизнес нысандары және әуежай мен вокзал. Жұмысты талапқа сай атқаратын, бірақ келушілер санын ережеде көрсетілген қажетті мөлшерге жеткізе алмайтын кәсіпкерлер өте көп. Ал көзжұмбайлықпен қызмет көрсететін сенімсіз бизнес объектілері қала бойынша – 54. Бұлар Ashyq қосымшасымен келіп-кетушілерді мүлдем тексермейтін нысандар, деп хабарлайды no-comment.kz.