Тәуелсіз еліміздің болашағы – бүгінгі мектеп оқушылары десек, Президент жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауларында білім беру мәселесіне ерекше басымдықтар беріп, «Сапалы білім беру – Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуының негізі» екендігін атап көрсетті. Осындай игі мақсаттарды жүзеге асыру үшін қабылданған «Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» орындау – білім беру жүйесін дамытудың шешуші кезеңі болмақ.
Биыл 18 732 орынға арналған 32 мектептің құрылысы жүргізіліп (12 мемлекеттік, 20 жекеменшік), жыл соңында 10 222 орынға арналған 20 мектеп (4 мемлекеттік, 16 жекеменшік) пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, апатты мектеп мәселесі толығымен жойылып, үш ауысымды мектептер саны 14-тен 9-ға, мектебі жоқ елді мекендер 13-тен 11-ге, оқушы толымдылығы артық мектеп 21-ден 17-ге азаяды. Одан бөлек, 4 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтеді. Сонымен қатар, мектептердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша бейне бақылау камералары және 115 мектепке турникет, 28 мектепке типтік үлгідегі спорт алаңшалары орнатылу жоспарлануда.
Қалалық білім басқармасы басшысы Ж.Тәжиеваның айтуынша, 2007- 2010 жылдары мектептерде химия, биология, физика, информатика пәндерінің кабинеттері жаңа үлгіде жабдықтала бастаған.
Оқу бағдарламаларына сәйкес, оқытуға және оқуға да ыңғайлы дидактикалық материалдар, көрнекілік құралдар қорымен толықтырылды. Биыл қала мектептеріне 50 физика, 95 химия, 82 биология, 13 STEM, 23 робототехника кабинеттері жабдықталды. Осы уақытқа дейін өзекті мәселе болып келген 36 мектепке ішкі әжетханалар орнату, білім ұйымдарының ауласын жарықтандыру жұмыстары 2020 жылы толығымен шешімін тапқан. 2020 жылдың өзінде Үкімет қоры және жергілікті бюджет есебінен 47 330 (оның ішінде Үкімет қорынан - 31 160, ЖБ - 16 170) дана компьютер алынып, жалпы саны 56 556-ға жетті. Нәтижесінде, жыл басында бір компьютерге келетін оқушы саны 27-ні құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 4-ке дейін төмендеген. Ал салаға бөлінген қаржы көлемі 2016 жылы 41 млрд.-тан 3,3 есеге артып, бүгінде 134 млрд. теңгеге жетті.
2016 жылдан бастап білім беру жүйесі жаңартылған білім беру мазмұнына көшті.
Білім беру реформаларының негізгі мақсаты – білім беру жүйесін жаңа экономикалық ортаға бейімдеу. Бұл тұрғыда Қазақстан әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуды көздейді. Білім беру жүйесін жетілдіру осы мақсатқа қол жеткізуде маңызды рөл атқарды. Қазіргі таңда білім беру мекемелеріндегі барлық пән мұғалімдерінің жаңартылған білім беру бағдарламасын іске асыру үшін қажетті біліктері мен дағдылары қалыптасқан.
Білімді ұрпақ қашан да ұлттың ұстыны екені даусыз. Жастардың жаһандық бәсекеге қабілетіне қарай түсуде мемлекет тарапынан жасалып жатқан игі бастамалар көп. Егемен елдің ертеңі болар жастарымыздың білім көкжиегін кеңейтудегі бағдарламалар да өз нәтижесін беріп келеді.
Хакім Абай өз өлеңдері мен қарасөздерімен қазақ халқындағы санасыздықтың қара шымылдығын түріп тастауға ұмтылды. Ел болу үшін мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білім, өнер мен ғылымда тұр деп пайымдады. Өнер-білімсіз қоғамға пайдалы болу мүмкін емес екендігін терең түсінді. Ал Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында сананы жаңғырту, білімнің салтанат құруы туралы сындарлы ойлар айтылып, бәсекеге қабілеттілік, тұлғалық даралық қасиеттер қалыптасуына айрықша маңыз берілді. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады» – делінген Елбасы мақаласында. Демек, бүгінгі қоғам мүшелері өз ісінің үздігі болуға ұмтылуы тиіс.
Түйіндей айтсақ, жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Үшінші мегаполистегі мектептердің алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр, деп хабарлайды no-comment.kz.